Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың суреті казино жарнамасында пайдаланылған. Ақорданың баспасөз хатшысы Берік Уәли өзінің фейсбук парақшасында осы жағдайға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Әлеуметтік желілердегі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бейнесі бар онлайн-казиноның жарнамасына байланысты маған бұқаралық ақпарат құралдарынан шағымдар келіп түсуде. Мемлекет басшысының бұл жарнамаға ешқандай қатысы жоқ екенін, ал оның суреті заңсыз пайдаланылғанын ресми түрде мәлімдеймін», – дейді Берік Уәли.
Оның айтукынша, бұл – өтірік әрі жөнсіз жарнама. Мұндай жарияланымдардың әлеуметтік желі қолданушыларын жаңылыстырып, мемлекет басшысының абырой-беделіне айтарлықтай нұқсан келтіретінін ескертіп өтті баспасөз хатшысы.
«Құқық қорғау органдары жарнама берушіні тауып, олардың жауапкершілігіне қатысты мәселені шешеді деп ойлаймын. Барлық әлеуметтік желіні коммерциялық жарияланымдарды орналастыру ісіне үлкен жауапкершілікпен қарауға және біреудің фотосының немесе басқа да суреттердің заңсыз пайдаланылуына жол бермеуге шақырамын», – деді ол осы жазбасында.
Еске сала кетсек, бұл президентке қатысты алғашқы ыңғайсыздық емес. Бұған дейін де әлеуметтік желілерде оның атынан бірнеше фейк аккаунттар ашылған болатын. Берік Уәли оған байланысты да арнайы мәлімдеме жасап, Қасым-Жомарт Тоқаевтың тек екі аккаунты ғана бар екенін ескерткен-ді. Оның бірі Twitter-дегі @TokayevKZ (2011 жылы ашылған) болса, екіншісі – Instagram-дағы tokayev_online (2019 жылы сәуірде ашылған).