Берлинде кісі өлтірді деген күдікті ресейлік Еуропа одағы аумағына жалған құжатпен өткен, деп жазады Азаттық.
Оқиғаға қатысты бірігіп зерттеу жүргізген "Шпигель" журналы, "Bellincat" тобы мен ресейлік The Insider басылымы осындай қорытындыға келген.
23 тамыз күні Берлинде Грузияның Зелимхан Хангошвили атты азаматын саябақта бір адам дыбысы тұншықтырылған тапаншамен атып кеткен. Полиция көп өтпей 49 жастағы бір адамды ұстаған және оның аты-жөні Вадим Сергеевич, Ресей азаматы екені айтылған. Бірақ "Шпигель" мен Bellincat зерттеу тобы күдіктінің атын Вадим Андреевич Соколов деп көрсетеді.
Зерттеуге қарағанда, Соколов Еуропа одағы аумағына 2019 жылдың шілде айында берілген жаңа құжатпен өткен. Журналистер паспорттағы мәліметке сай келетін адамды Ресейдегі деректер базасынан таба алмаған және "құжат жасанды" деген қорытындыға келген. Зерттеушілер паспортты "Роспаспорт" жүйесінен де іздеп таппағандарын айтады әрі "Соколовтың арнайы қызмет өкілдерімен байланысы бар екенін жасыру үшін құжат базадан әдейі өшірілген болуы мүмкін" дейді.
Германияның ресми органдары ұсталған адамның жеке басы туралы толық ақпаратты айтпай отыр. Оның Ресей азаматы екені ғана белгілі.
"Шпигель" журналы "Берлин кісі өлімін Ресейдің арнайы қызметі ұйымдастырған болуы мүмкін деп күдіктенеді" деп жазды.
Қаза тапқан Хангошвили 1990 жылдары Шешенстанның Ичкерия Республикасы үкіметінің жағында, Шәміл Басаев пен Аслан Масхадовтың қатарында соғысқан. Герман-кавказ қауымдастығы басшылығына жазылған хатта Хангошвили 60 шақты адамға басшылық еткен. Соғыстан соң оған бірнеше рет қастандық жасалған. Қаза табарының алдында ол өміріне қауіп төніп тұрғанын айтып, Германиядан баспана сұраған. Бірақ Берлин оған баспана бермеген.