12.09.2019, 22:57

«Көргенсіз, тәрбиесіз»: депутат Жамалов өзінен сұхбат алуға келген журналисті балағаттады

«Кабинетіме есік қағып кірмедің деп ренжіп отыр».

ҚР Парламент мәжілісінің депутаты Аманжан Жамалов өзінен сұхбат алуға келген тілші Өркен Жоямергенді балағаттады. Бұл туралы журналист  Назия Жоямергенқызы өзінің Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды. 

«Аманжан Жамалов деген депутат журналисті: "көргенсіз", "тәрбиесіз" деп балағаттапты. Кабинетіме есік қағып кірмедің деп ренжіп отыр.  Үлкен кісі ғой деп қазақылыққа салып, қоя салуға болар еді егер бұл кісі көшедегі жай біреу болса. Бірақ Жамалов - жұрт  сайлаған депутат. Мәжіліске келген журналистердің ерігіп жүрмейтіні анық», - деген ол депутатты сотқа беру керек екенін айтты.

Сондай-ақ ол қазақстандық журналистердің де тілшіні қолдайтынын жеткізді.  

«Басқа әріптестер де наразылықтарын білдіріп жатыр. 

Журналист - билік пен халықтың арасындағы көпір. БАҚ өкілдері мәселе көтергенде қара басының емес, халықтың, қоғамның, қалың бұқараның көкейіндегі түйткілді айтады. Журналисті қорлауға, балағаттауға, оның ар-намысына тиюге ешкімнің қақы жоқ! Журналист емес, Жамаловтың кабинетіне абайсызда адасып кіріп кеткен кез келген азаматқа "неге есікті қағып кірмейсің?! Тәрбиесіз! Көргенсіз!", - деп аузына келгенін айтуға ешкімнің қақы жоқ! Депутат Жамалов осы қарапайым нәрсені білмей ме?», - деп жазды Жоямергенқызы.