17.09.2019, 17:50

Шыңжаңдағы қамалған балаларды тез арада отбасына қайтару керек - HRW халықаралық ұйымы

«Шыңжаңдағы арнайы орында отырған жасөспірімдер – лагерьде қамалған немесе басқа елге бас сауғалап кеткендердің балалары», - деп жазды ұйым.

15 қыркүйекте Штаб-пәтері Нью-Йоркте орналасқан Human Rights Watch халықаралық ұйымы "Қытай Шыңжаңда балаларды ата-аналарының рұқсатынсыз арнайы орындарда ұстап отыр" деп мәлім етті. 

"Шыңжаңдағы арнайы орында отырған жасөспірімдер – лагерьде қамалған немесе басқа елге бас сауғалап кеткендердің балалары", - деп жазды ұйым.

Адам құқығын қорғау ұйымы Қытай билігін арнайы орындарда отырған ұйғыр және мұсылман балаларды отбасыларына қайтаруға шақырды. Ұйым балаларды ата-аналарынан айырмауды сұрады.

«Шыңжаңдағы арнайы орындарда отырған балалардың нақты санын анықтау қиын. 2018 және 2019 жылы Шыңжаңға барған шетелдік журналистер балалар отырған орындарды суретке, видеоға түсіре алмаған», - деп мәлімдеді ұйым.

«Қытай билігінің балаларды отбасыларынан айыру саясаты – Шыңжаңдағы қатал репрессияның бір көрінісі. Балаларды тез арада Қытайдағы жақындарына қайтару керек немесе елден кеткен туыстарына баруға мүмкіндік жасауы тиіс», - деді ұйымның Қытай бойынша директоры Софи Ричардсон.

Ричардсон басқа елдердің үкіметтерін қысым көріп жатқан балаларға араша түсуге шақырды.

Бұдан бұрын халықаралық басылымдар Қытай билігі Шыңжаңда "балалардың игілігі үшін" деп жасөспірімдерді арнайы орындарда ұстап отырғанын хабарлаған болатын.

Дереккөз: holanews.kz