Қазақстандықтардың 70%-дан астамы Қасым-Жомарт Тоқаевты Мемлекет басшысы ретінде қолдайды. Бұл туралы Еуразиялық интеграция институтының әлеуметтік зерттеулер орталығы хабарлады, деп жазады 7kun.kz.
«Қоғамда Қазақстан Президентіне деген сенімнің жоғары деңгейі байқалады – 74,9%. Респонденттердің көпшілігі жалпы Мемлекет басшысының қызметіне риза. Сауалнамаға жауап берушілердің 70%-дан астамы президенттік бастамалар халықтың әл-ауқатын арттыруға және елдің дамуына көмектесуге қабілетті деп санайды», - делінген хабарламада.
Респонденттер ең маңызды шаралар шетелдік азаматтарға жер сатылмайды деген Президенттің мәлімдемесі; жеке адамға, әсіресе, балаларға қарсы ауыр қылмыстар үшін жазаны қатаңдату; көп балалы және аз қамтылған отбасыларға жалға берілетін тұрғын үй беру; кредиттік рақымшылық жасау; Қазақстанның стратегиялық серіктестермен және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастығын жандандыру болды деп санайды.
Президент пен Үкіметтен Қазақстан халқын әлеуметтік қолдау және елдің одан әрі дамуы бойынша жеке күтілетін рейтингте респонденттер жалақыны, зейнетақыларды және жалпы халықтың әл-ауқатын арттыру, кедейлікпен күрес, халықтың тұрғын үйге қол жетімділігін қамтамасыз ету сияқты мәселелерді атап өтті. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлыққа және қылмысқа қарсы күрес, медициналық қызмет көрсету және білім беру сапасы бойынша жұмыс – маңызды мәселелер қатарында.
Сауалнама 14 облыс орталықтарында және ауылдық елді мекендерде, республикалық маңызы бар үш қалада – Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында өткізілді. Іріктеу репрезентативті, бөлінген параметрлер бойынша 18 жастан асқан халықтың әлеуметтік-демографиялық құрамына сәйкес келеді.