28.10.2019, 18:00

46 студент ұсталды: СҚО-да жаппай төбелеске қатысты тергеу жүріп жатыр

фото: zakon.kz
Оқиға 20 қазан күні Есіл өзенінің жағасындағы «Восточный берег» дәмханасының маңында болған.

Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің студенттері арасында болған жаппай төбелестен кейін полицейлер «Бұзақылық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy, СҚО Полиция департаментіне сілтеме жасап.

Оқиға 20 қазан күні Есіл өзенінің жағасындағы «Восточный берег» дәмханасының маңында болған. Куәгерлер полицияға хабар бергеннен кейін студенттер жан-жаққа қашқан. Алайда, Жедел басқару орталығының мамандары ауданды аралау барысында М. Қозыбаев атындағы СҚМУ-дың 46 студентін ұстап, полиция бөліміне жеткізген.

«Облыстық және қалалық полицияның тергеушілері, барлық жедел құрам болған жанжалдың себебі мен мән-жайын анықтау бойынша жұмыс істеді. Оқу орындарының басшылығы, топтардың жетекшілері шақырылды. Жанжал еліміздің оңтүстік өңірлерінен білім алуға келген түрлі фактультеттерде оқитын екінші және үшінші курс студенттерінің арасында тұрмыстық жағдайда болғаны белгілі болды. Бір студентке емделуді қажет етпейтін медициналық көмек көрсетілді. Тағы бір жәбірленушінің беті көгерген», - дейді полицейлер.

Аталған факт бойынша ҚР ҚК-нің 293-бабымен («Бұзақылық») сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу барысы Полиция департаменті, қалалық және облыстық прокуратура басшылығының бақылауында.