Украинаның Одесса облысының басшысы Михаил Саакашвили Украинада антикоррупциялық қозғалыс құрғанын жариялады.
Киевте өзінің бастамасымен өткен антикоррупциялық форумда сөйлеген Саакашвили қозғалыс мақсаты «барлығын өзгерту» екенін мәлімдеді. Жаңа қозғалыс «За очищение» (Тазару үшін) деп аталады, деп жазады Азаттық тілшісі.
Грузияның бұрынғы президенті, қазір Одесса облысының губернаторы Саакашвили Украина премьер-министрі Арсений Яценюк үкіметін және бәсекелестерінің бірі, олигарх Игорь Коломойскийді тағы да сынады.
Кеше Украина ішкі істер министрі Арсен Аваков «Украинская правда» газетіне берген сұхбатында Саакашвилиді «популизмге бой алдырған» және «нақты жетістігі жоқ» деп айыптаған. Ол Саакашвилиді реформа жасаудың орнына «өзін-өзі жарнамалаумен» айналысады деп сипаттады.
Бұған дейін Саакашвили Яценюкті және елдегі ірі бизнесмендерді үлкен коррупцияға қатысы бар деп айыптаған. Бұл дауға қатысты 14 желтоқсанда реформалар жөніндегі ұлттық кеңес отырысында жанжал шыққан.