17.11.2019, 00:48

«Аналарды қолдаған» екі белсенді 15 тәулікке қамалды

Фото: azattyq.org
Бұған дейін белсенділердің жақтастары әлеуметтік желіде 15 қарашада кешкі сағат 20.00-21.00 шамасында Жексебаев пен Шормановты полицейлердің үйінен ұстап әкеткенін хабарлап, видеосын да жариялаған.

Алматы қалалық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" (488-бап) деп айыпталған екі белсенді Мұрат Шорманов және Асхат Жексебаевты 15 тәулікке қамады. Бұл ақпаратты Азаттық тілшісіне 16 қарашада 16.00 шамасында "Бейбіт жиын еркіндігі" жобасының сарапшысы, құқық қорғаушы Маржан Аспандиярова хабарлады.

- Мұрат Шормановты түнде соттаған. Ал Асхат Жексебаевқа қатысты сот шешімі күндіз шықты. Жексебаев сотына адвокат Жанар Балғабаеваны қатыстырмады. Оларға мемлекеттік адвокат берді ме, бермеді ме, ол жағын әзірге анықтай алмадық. Жанар Балғабаева Алматы қалалық полиция департаментінен Лобачевскийдегі арнайы қамау орнына кіруге рұқсат алды. Қазір сол жаққа бара жатыр, - деді Маржан Аспандиярова.

Бұған дейін белсенділердің жақтастары әлеуметтік желіде 15 қарашада кешкі сағат 20.00-21.00 шамасында Жексебаев пен Шормановты полицейлердің үйінен ұстап әкеткенін хабарлап, видеосын да жариялаған.

Белсенді Асхат Жексебаев Азаттық тілшісіне таңертең өзін сотқа әкелгенін айтқан. Ақпарат бойынша, екі белсенді "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысына қатысы бар деп айыпталған бірнеше тұрғынның сотында "белсенділік" танытып, "рұқсат етілмеген" пикет өткізгені үшін айыпталған.

Белсенді Қанат Жақыпов бүгін Facebook парақшасында әкімшілік сот алдынан тікелей эфир жасап, бір топ адамның белсенділерді қолдап сотқа келіп тұрғанын, бірақ оларды сотқа кіргізбегенін хабарлады.

Олардың айтуынша, екі белсендіні полиция бөлімшесінде үш сағаттан астам уақыт ұстаған.

"Саяси тұтқындарды" қолдау және "Қытай экспансиясына" қарсы акцияларға қатысқан Асхат Жексебаев пен Мұрат Шорманов бұған дейін де "рұқсат етілмеген жиынға" қатысқаны үшін 10-15 тәулікке қамалып шыққан.

"Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысына қатысы бар деп айыпталған Оксана Шевчук, Жазира Демеуова, Гүлзипа Жәукерова және Әнуар Әшіралиевтің соты қараша айының басында басталған. Тамызда қазақстандық құқық қорғаушылар оларды “саяси тұтқындар” тізіміне қосқан. Қазақстан билігі елде “саяси тұтқындардың” барын жоққа шығарады.

Тегтер: Алматы