Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев тұрғындардың шағымы бойынша қала көшелерін өзі аралап, полицияның мобильді посттарын тексеріп шығыпты. Ол туралы әкімнің өзі instagram парақшасында жазды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Полицияның мобильді постылары жөніндегі бастаманы жақсы қабылдаған қалалықтар өз жазбаларында учаскелік инспекторлардың постылардан көрінбейтініне шағымдануда.
Кеше кешкісін еш ескертусіз «Атакентте», «Мерей» СО, Көкбазарда, Арбатта, Меңдіқұлов-Бектұров көшелерінің бұрышында, Ганди паркінде орналасқан мобильді пункттерді тексердім. Олардың тек біреуінде ғана учаскелік инспектор болды. Ал қалғандарында жарық жанғанымен, кезекші болған жоқ, полиция қызметкерінің орнына СО-ның күзетшілері отырды», - дейді Бақытжан Сағынтаев.
Осы орайда, ол қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бұлайша немқұрайлы қарауға болмайтындығын ескертті.
«Сондықтан бүгін аппараттық жиында қаланың ПД басшысы С. Күдебаевқа ескерту жасадым. Медеу, Алмалы, Бостандық, Жетісу аудандарының полиция басшыларына сөгіс жариялауды тапсырдым. Аудан әкімдеріне де бақылаудың жоқтығы үшін ескерту айтылды.
Атқарылатын жұмыстар жөнінде қалалықтардың ескертулері назарға алынады. Алматылықтардың қауіпсіздігі – біздің жұмысымыздың басты бағыттарының бірі» деп жазды қала әкімі.