$ 494.87  520.65  4.91

«Бюджет арқылы өз мәселесін шешетіндердің «тәбетін» азайту керек» - Владимир Божко

Мәжіліс спикерінің орынбасары Владимир Божко вице-министрдің бұл жауабына ашуланып, жер ресурстары комитеті бұл сұраққа толығымен жазбаша жауап беруін талап етті.
фото: azattyq-ruhy.kz
фото: azattyq-ruhy.kz

Бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында осы бюджет дербестігі туралы мәселені талқылау барысында депутаттар «орталық ведомстволар (тиісті министрліктер - агенттік) ауылдық округ бюджетінің тиімді жұмсалуын бақылай ала ма?» деген мәселе көтерді, деп хабарлайды azattyq-ruhy.kz.

«Ақмола облысының Красивинский ауылдық округында жарық тарататын тірек бағандарды орнату үшін жер телімін рәсімдеуге шамамен 600 мың теңге керек екен. Ал орнатылатыны - тек сегіз баған ғана. Құнының өзі рәсімдеуінен төмен. Бұл жерді рәсімдеу бюджет қаражатынан жүзеге асырылады. Осыған байланысты білгім келгені, мемлекет меншігіндегі жер телімдерін рәсімдеу кезінде Ауыл шаруашылығы министрлігі ауылдық округтің әкімдеріне құнын төмендету үшін не істей алады?», - деді Үкімет сағатында депутат Дархан Мыңбай.

Сұраққа жауап берген Ауыл шаруашылығы вице-министрі Рүстем Құрманов министрлік ауылдың округтердің бұл бағыттағы жұмыстарын бақылай алмайтынын жеткізді.

«Мемлекет меншігіндегі жер телімдерін сатып алу үшін жергілікті бюджеттен ақша бөлінеді. Дәлірек айтсақ, аудандық бюджеттен. Біз - Ауыл шаруашылығы министрлігі жерді немесе құрылыс жұмыстарын рәсімдеу үшін жеке бюджет бермейміз. Бұл мәслихат деңгейінде шешіледі. Жер ресурстары комитеті жер саясатын жүзеге асырады. Комитеттің аудандық бөліністері жоқ», - деді вице-министр.

Мәжіліс спикерінің орынбасары Владимир Божко вице-министрдің бұл жауабына ашуланып, жер ресурстары комитеті бұл сұраққа толығымен жазбаша жауап беруін талап етті.

«Кешіріңіз, мемлекеттік бюджет арқылы өз мәселесін шешетіндердің тәбетін азайту керек. Сіздерде бақылау жоқ болса, ауыл әкімдерін кім бақылайды? Жер ресурстары комитеті жер саясатымен ғана айналысады демей, бақылау керек», - деп ескерту жасады Божко.

Жақында Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов бір ауылдық округтың орташа бюджеті 122,4 млн теңгені құрайтынын, сондай-ақ, бюджеті 1 млрд теңгеден асатын округтер барын айтқан еді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары