Израильдің бас прокуратурасы премьер-министр Биньямин Нетаньяхуға "жемқорлық" бабы бойынша айып тақты. Үкімет жетекшісі жақын арада мәлімдеме жасайды, деп хабарлады Азаттық радиосы.
Премьер-министрге үш іс бойынша айып тағылатыны ақпан айында белгілі болған. Ол кезде прокурорлар Нетаньяхудың кәсіпкерлерден шамамен 300 мың доллар көлемінде сыйлық қабылдағанын айтқан. Сонымен бірге баспасөзде өзі туралы жағымды жаңалық көп болуы үшін медиабизнес өкілдерінің ұсынысын орындағанын айтқан. Ал Нетаньяху тағылған айыпты жоққа шығарған.
Нетаньяхудың айыпталғаны жайлы хабар Израильдегі саяси дағдарыспен тұспа-тұс келіп тұр. Қыркүйек айында қайта парламент сайлауы өткенмен жаңа үкімет жасақталмады. Коалиция құруға тырысқан Нетаньяхудың сәтсіз талпынысынан кейін Бени Ганц жетекшілік ететін оппозиция өзге партиялармен келіссөз жүргізе бастады. Егер ол келісім жасай алмаса, Израильде үшінші рет қайта сайлау өтпек.