Бүгін елордада өткен брифингте Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Тұрымов өңірдегі кәмелетке толмай жүкті болатын қыздар санының артуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды azattyq-ruhy.kz.
Әкімнің ойынша, бұл мәселе мектеп пен ата-аналар арасындағы байланыстың жоқтығынан туындап отыр.
«Мектеп пен ата-ана арасындағы, денсаулық сақтау саласындағы мамандар жұмысында біраз мәселе бар деп есептеймін. Мектептердегі біраз жұмысты, ата-анамен байланысты жақсарту керек. Бұл жерде ата-ананың да жауапкершілігі бар. Жастардың сауаттылығын арттыру керек. Әртүрлі лекциялар, кездесулер өткізуіміз керек. Енді біздің бақылауымызда болады», - деді ол.
Еске сала кетсек, жақында Маңғыстау облысында соңғы 9 айда 15 пен 18 жас аралығындағы 160 қыз жүкті болып қалғаны туралы ақпарат тарады. Оның көбі Жаңаөзен (31 жағдай), Мұнайлы (21 жағдай), Бейнеу (16), Қарақия (12) аудандардында тіркелген. Мамандардың пікірінше, жасөспірім қыздар «мәңгі махаббат» деген ұғымға қатты сеніп қалғандықтан осындай әрекетке баратын көрінеді.
«Өңірдегі осы проблемаға қатысты нақты қандай жұмыс атқарылып жатыр?» деген сұрағымызға облыс басшысы «Мәселе бар. Тап қазір жалпылама болмаса, нақты беретін жауабым жоқ» деп қысқа қайырды.