29.11.2019, 17:00

«Тапсырыс арқылы дайындалған»: 13 мыңнан астам адамның атынан Тоқаевқа жолданған хаттың шикілігі көп

Бір оқығаннан-ақ, осынша шұбыртпалы тізімді құраған «ашық хаттан» мерзімді БАҚ беттерінде «жаза-жаза жауыр болған» проблемалардың іріктеп алына салынғаны байқалады.

Қазақ қоғамы қазір abai.kz сайтындағы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына жазылған «ашық хатты» талқылап отыр. Зікірия Жандарбек деген автор жариялаған оның түйінінде «Ізетпен...» деп 13 772 адамның бес беттік тізімі тұр.

Тізімде кім жоқ дейсіз, 13 мемлекеттің түрік және угро-фин халықтары Конгресінің Мүшелері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалым-профессорлар, мәдениет қайраткерлері... деп жалғаса береді. Тіпті, «Нұр Отан», «Ақжол», тіркелмеген ЖСДП партияларының, «Самұрық Қазына» ҰӘҚ, «Атамекен» ҰКП, Қазақстан Халқы Ассамблеясының өкілдері де жүр.

Шетелдік банктерді арттыру ұсынысы Бір оқығаннан-ақ, осынша шұбыртпалы тізімді құраған «ашық хаттан» мерзімді БАҚ беттерінде «жаза-жаза жауыр болған» проблемалардың іріктеп алына салынғаны байқалады. Арасында «еліміздің сыртқы қарызы ең қауіпті шекке жетіп, $170 млрд құрап отыр», «Қазақстан Республикасы – Үкіметі, Парламенті мемлекеттік тілді білмейтін, іс қағаздарын өзге тілде жүргізетін әлемдегі жалғыз ғана ел... Осыған байланысты, Конституцияға тиісті өзгерістерді енгізу қажет және 2020 жылдан бастап іс-құжаттарын толығымен мемлекеттік тілге өткізу талап етіледі» дегендей іліп алар бірді-екілі талап-тілек бар.

Ал «Банк жүйесінде салауатты бәсекелестік тудыру үшін жыл соңына дейін жаңа заң қабылдап, шетелдік банктердің үлес салмағын арттыруға жол ашып, мәселен Сингапурдегі секілді (ондағы 122 банктің 117-і – шетелдік банктер) бұл салада салауатты бәсекелестік қалыптастырған болар еді» деген шаласауат мәтінге мән беріп көрсек... Елімізге шетелдік банктерді қаптатуды көздеген бұл ұсыныстың астарында не жатыр?

«Нұр Отан» да билікке қарсы майдан аша ма? Екіншіден, «Егерде, дер кезінде және шынайы демократиялық сайлаулар өткізіп, құқық қорғау саласы мен сот орындарында реформалар жүргізіп, билікті жоғарыдан төменге дейін жедел түрде жаңғыртпаса, бұл мәселелер тек «майдан» арқылы шешімін табу қаупі төніп келеді және оған билік орындарының өзі итермелеп отыр» деген сөзі бар хатқа жоғарыда аталған «Нұр Отан», «Ақжол», «Самұрық Қазына», «Атамекен», Ассамблея сынды билік салаларының өкілдері шынымен қол қойып жіберді ме екен?

Алайда, бұндағы «Еліміздің мүддесіне аса қауіп төндіретін және ең қауіпті жоба – $6,0 млрд қаржы қарастырылған қытайлық суперкомпьютерлер шығару жобасы. АҚШ-та қытайлық ғылыми қызметкерлер мен тағы да басқа қытайлық жұмысшыларды тыңшы деген айыппен елден аластауда. Қытай өнеркәсіптік тыңшылық пен киберқылмыстар бойынша әлемде бірінші орында тұр. РФ-ың Санк-Петербургтік мамандары Қытайдан келетін кіржуғыш машина, үтік, және т.б. да тұрмыстық техникалардан 600 м. қашықтықта қажетті қоңырау үнін анықтай алатын тыңдағыш құрылғылардың орнатылғанын байқап қалған.

«55 зауыт» жобасы – бұл экологиялық мәселелерді асқындырып, елімізге қарсы тыңшылық жасауды ұлғайтатын, экономикалық отарлауға жол ашатын қауіпті жоба» деген сөз ойлантпай қоймайды. Мемлекеттік деңгейде мән берілуі тиіс мәселе.

Оқырманның күдігі орынды сияқты Енді оқырмандар талқысына тоқталсақ, «Бұл хат шын хат па, әлде өтірік хат па? Керемет өткір мәселелер көтерілген. Бірақ шұбалаңқы екен. Хат өтірік жазылған болса, оның авторын жауапқа тарту керек. Қаншама атақты адамдардың аты-жөндері келтірілген. Олар авторға ойыншық па?» депті бірі. 

«Мына автор неткен сауатсыз еді? Адам аттары, қоғамдық ұйымдардың аттары мүлдем қате. Кейбіреулерінің жартысы қазақша, жартысы орысша жазылып кеткен. Мұндай дүниелерге, әсіресе, Президентке жазылатын хаттарға өте мұқият болу керек қой», - дейді екіншісі.

Құптарлық пікірлер. Әрине, олардың арасында «Жоғарыдан тапсырыс арқылы дайындалған сияқты» деген күдік-күмән да бар. Оқырманның олай деуіне мына сөйлем себеп болғандай:

«Дүниежүзілік банк, ЕБРР және басқа да халықаралық қаржылық құрылымдармен бірлесе отырып, елден сыртқа заңсыз әкетілген активтер мен $300 млрд-тай қаржыны қайтаруды қолға алу қажет. Бұлар: Ұлттық қордың бүғатталған $21,0 млрд, Қашағандағы қазақстандық $5,0 млрд активі, Тұран Әлем Банкінің $6,0 млрд., яғни М. Аблязовтің; Сағадиевтің және т.б. сыртқа шығарылған қаржылары қайтарылуы тиіс.

2020 жылдың наурыз айына дейін мемлекеттің жаңа экономикалық саясатын «Қазақстанның жаңа индустриялық стратегиясы» (ары қарай ҚЖИС) негізінде қабылдап, БҰҰ-ның стандарттары негізінде дайындалып, Республика Парламенті мен «Нұр-Отан» париясы мақұлдаған, әлемнің белгілі ғалымдары мен компанияларының қатысуымен жасалған «Алматы мен Нұр-Сұлтанды кешенді дамыту» және т.б. жобаларды және Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында атап көрсетілген модернизациялаудың 5 бағыты іске асырылуы тиіс».

Осындағы асты сызылған сөздерге мән берсек, неліктен мемлекеттік жемқорлардың ішінен тек сыртта қашып-пысып жүрген Мұхтар Әбілязов пен министрлік орынтағынан түсіп қалған Сағадиевтің ғана аты-жөні аталады? Ашық хатты шынымен 13 мыңнан астам адам ұйымдасып жазып, 5 бетке өз есімдерін тіздірген болса, неге осы «алапат мүмкіндіктерін» пайдаланып, барлық жемқордың офшордағы тыққан-пыққанынан 1-2 беттік тізім шығара алмаған?

Асты сызылған екінші сөйлем ше? Екі мегаполис дамымай жатқандай, бұлайша өтірік байбаламдамай, оның орнына қазір жабылып жатқан және болашағы бұлыңғыр ауылдардың жағдайын айтулары тиіс еді ғой?

Тобықтай түйін Сонымен, бізге бұл ашық хаттың «бір қайнауы ішінде» болып көрінді. Айта алмаған мәселе көп. Асқан ашықтық аңғарылмайды. Президенттің назарына қатардағы бір тілшінің мақаласы деңгейіндегі не болса соны ұсына салмай, қағаз бетіне түскен сөзді, оның әрбір әрпін жан-жақты бір пысықтап алулары керек еді...

Еркеғали БЕЙСЕНОВ