13.12.2019, 14:30

Трамп Тоқаевты жеделхат арқылы Тәуелсіздік күнімен құттықтады

фото: Қазақстан президентінің ресми сайты
Үндістан Президенті Рам Нат Ковинд өз құттықтауында мемлекеттер арасындағы өзара байланыстардың тарихи арқауы берік екенін атап өтіп, Қазақстанның өсіп-өркендей беруіне ниеттестік танытқан.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні мерекесіне орай шет мемлекеттердің басшыларынан құттықтау хаттар мен жеделхаттар келіп түсті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, Ақорда сайтына сілтеме жасап.

Америка Құрама Штаттарының Президенті Дональд Трамп жеделхатында елінің және жеке өз атынан Қазақстан халқын Тәуелсіздіктің 28 жылдығымен құттықтаған.

"Берік серіктестігіміздің арқасында соңғы 12 ай ішіндегі қол жеткізген жарқын жетістіктерімізді зор қуанышпен атап өткім келеді. Біздің ядролық қаруды таратпаудан бастап терроризмге қарсы күреске дейінгі мәселелерді шешу ісіндегі ынтымақтастығымыз әлемді едәуір қауіпсіз әрі тұрақты етті" делінген жеделхатта.

Дональд Трамп Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Президенті ретінде Тәуелсіздік мерекесін алғаш атап өтіп отырғанын айтып, жаңа жылдың табысты болуына тілектестік білдірген.

"Америка Құрама Штаттары Сізбен және Қазақстан халқымен жемісті жұмыс істеуге дайын. Сіздің күш-жігеріңіздің арқасында Қазақстанның болашағы жарқын әрі табысты болады деп сенемін" делінген АҚШ Президентінің құттықтауында.

Сондай-ақ, елеулі мереке қарсаңында Үндістан, Испания, Сингапур, Австрия  елдерінің басшыларынан да Тоқаевтың атына құттықтау хат келді.