ҚДП бастамашысы Жанболат Мамай өзінің Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында Алматыда әкімшілік қамауда 16 адамның отырғанын айтып, оларды қолдауға шақырды, деп жазады Skifnews.kz ақпарат агенттігі.
Жанболат Мамай 16 желтоқсан күні бейбіт шеруге қатысқан және оған қатысуы мүмкін деген «айыппен» бірнеше тәулікке әкімшілік қамауға алынған азаматтарды қолдауға шақырды.
«Олар өздерінің конституциялық құқығын пайдаланып, бейбіт митингіге шықты — осы үшін билік бұларды қудалап жатыр. Осындай жағдайда бір-бірімізді қолдау, қорғау — елде өзгеріс жасағысы келетін әрбір азаматтың міндеті, парызы деп санаймын. Дәл қазір Қазақстан халықаралық Адам құқығы бюросының мәліметінше, әкімшілік қамауда Алматыда 16 адам отыр.
Ертең соларға қолдау білдіріп, бұл азаматтарға қолдан келгенше азық-түлік апаруға шақырамын!
Азық-түлікті сағат 12-ден 13-ке дейін ғана қабылдайды. Азық-түліктен мынадай заттар беруге болады: шай, қант, нан, сусындар (ашылмаған), кәмпиттер, печенье, алма, лимон және басқа да жемістер, темекі. Ыстық тамақты қабылдамайды. Мекенжайы: Алматы қаласы, Лобачевский, 10 көшесі. Сағат 12:00-де сол жерде кездесейік!
Қамауда отырғандардың тізімі: Асхат Жексебаев, Қанат Джакупов, Муратов Даулет, Тасыбеков Шалкар, Айтбаев Марат, Валиев Дархан, Курбанов Марат, Каливе Нурлан, Рахимжанов Ноян, Нурлан Есенов, Сабаншиев Еркин, Есжанов Женис, Нурбай Райымбек, Кемелбаев Нурлан, Шинибеков Асхат, Утеулов Касымхан», - деп жазды ол.