Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында "мемлекеттің қоғамдық пікір мен көзқарасқа дұрыс көзбен қарайтын уақыт келді" деген Қасым-Жомарт Тоқаев митинг туралы жаңа заң әзірленетінін айтты.
Президенттің сөзіне сүйенсек, алдағы уақытта Қазақстанда бейбіт жиналыстар туралы мүлдем жаңа заң шығарылмақ. Бұл туралы Skifnews.kz ақпарат порталы хабарлайды.
"Егер көшеге шыққандар заңды, қоғамдық тәртіпті бұзбаса және азаматтардың тыныштығына кедергі жасамаса, митингтерге рұқсат етіледі. Бұл - менің ұстанымым. Оны сіздер білесіздер, біз енді оны заңды түрде бекітеміз.
Фото: Sputniknews.kz
Митингтерге рұқсат беруге мәжбүрлі болмай тұрғанда, өзіміз саналы түрде келгеніміз дұрыс. Бірақ, митинг деген адамның құқығы ғана емес, жауапкершілік те екенін түсіну керек. Бүгін ҰҚСК отырысында мен президенттік Жолдауды жүзеге асыру жоспарын орындау аясында "Бейбіт жиналыстар туралы" заң жобасы әзірленгенін айтқым келеді. Ол бейбіт жиналыстардың барлық түрлерін нақты анықтайды. Мәслихаттардың арнайы орындарды анықтауға құзыреттілігін, сондай-ақ, ұйымдастырушының мәртебесі, қатысушы және бақылаушы мәртебесі, олардың құқықтары мен міндеттері сияқты ұғымдар айқындалған", - деді Қ. Тоқаев.
Оған қоса, президент митингке қатысты әзірленетін заңның мүлдем жаңа тұжырымдамалық заң болатынын алға тартты.