23 желтоқсанда Ресей президенті Владимир Путин Ресей мен аннексияланған Қырым түбегін жалғайтын теміржолды ашты. Путин пойызбен Керч бұғазын кесіп өтетін көпір арқылы жүріп көрді,-деп хабарлайды Азаттық радиосы.
Санкт-Петербургтен Севастопольге пойыз 43 жарым сағат жүріп барады. Мәскеуден алғашқы пойыз 24 желтоқсанда шығады. Бұл пойыз Қырымға 33 сағат жүріп келеді.
Ал жүк пойызы жазда жүре бастайды деп жоспарланған.
2015 жылы Ресей Қырым мен Краснодар аймағын жалғайтын көпір құрылысын бастаған. Көпірді Путиннің досы, ресейлік миллиардер Аркадий Ротенбергтің компаниясы салып жатыр. Көпір құрылысының бюджеті – 230 млрд рубль. 2018 жылы мамырда Путин көпірге баратын автокөлік жолын ашып, бұл оқиғаны «тарихи сәт» деп атаған.
Украина билігі көпір құрылысына қарсы шығып, мұны халықаралық құқықты бұзу деп мәлімдеген. Киевте орналасқан Қырым автономиялық республикасының прокуратурасы 2018 жылы көпір құрылысына байланысты қылмыстық іс қозғаған.
Халықаралық қауымдастық Қырымды Украина аумағы деп санайды.