25.12.2019, 16:45

«Ақылға сыймайды»: Қазақстанда Ленин атындағы 159 мүсін, 15 мектеп бар

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің мәліметінше, елімізде Ленинге арналған 159 мүсін құрылысы сақталған.

Қазақстан егемен ел болып, тәуелсіздігін жария еткеніне биыл 28 жыл толуына қарамастан, Қазақстан аймағында Владимир Ленинге арналған 150-ден астам мүсін сақталған. Оның үшеуі жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген. Пролетариат көсемінің атында 13 елді мекен, 200-ге тарта көше бар. 15 білім беру мекемесінің шәкірттері «Күн көсемінің» есімімен аталатын мектептерде білім алып жүр. 

Тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енген 3 мүсін Ақтөбе, Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстарында орнатылған. Сондай-ақ, Алматы, Қызылорда, Петропавл, Өскемен қалаларында тарихи тұлғаларға, оның ішінде Ленинге арналған ескерткіштер жинақталған саяжолдар мен скверлер құрылған.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің мәліметінше, елімізде Ленинге арналған 159 мүсін құрылысы сақталған. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерін мәртебесінен айыру, олардың орнын ауыстыру, жаңаларын орнату жөніндегі жұмыстар жергілікті атқарушы органдардың құзыретінде. Тарих пәнінің мұғалімі Ділбар Бегалинаның пікірінше, «күн көсемінен» арылу үшін ұлттық санаға серпіліс қажет.                                    

«Лениннің декреттерін көрсек, әскери коммунизм саясаты кезінде үкіметке астығын беруге қарсылық көрсеткен адамдарды «халық жауы» деп жариялап, кемінде 10 жылға соттап жіберу, жер аудару сынды жаза қолданды. Елімізде әлі күнге Ленин атындағы елді мекен, көше, мектеп атауларының болуы – бұл біздің ұлттық сана-сезіміміздің әлі де төмен деңгейде екенінінің бір айғағы. 

 В.Ленин ескерткіштері кеңестік идеологияның атрибуттары ретінде өзінің мәдени құндылығын жоғалтқалы да талай уақыт өтті. Кеңес үкіметі келмеске кетсе де, Лениннен әлі күнге арыла алмай келе жатқанымыз, ақылға сыймайды.  

Дереккөз: Azattyq-ruhy.kz