Белгілі журналист Қайнар Олжай facebook парақшасына Bek Air әуекомпаниясында серіктес болған Нұрбол Сұлтан мен Нұрлан Жұмасұлтановтың әкелері де бір мекемеде жұмыс істегенін жазды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Жалпы, соңғы ұшақ апатынан кейін елге елеусіз болып келген бұл компанияға қатысты айшықты ақпараттар көбейіп келе жатыр. Қайнар Олжайдың мына «Жаңа заманға – жаңа мақал» тақырыбындағы жазбасы да біраз оқырманды бір жайттан хабардар етті.
«Жарайды. Жазайық. Білгенімізді. «Бек-эйр» компаниясы туралы зерттеулерден бірде Нұрбол Сұлтанның атын, енді бірде Нұрлан Жұмасұлтановтың атын оқып жатырмыз. Әттең, сәл тереңірек қопарғандар Нұрбол мен Нұрланның әкелері бірі бастық, екіншісі орынбасар болып бір ведомствода қызмет істегенін байқар еді.
Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының соңында Төлеубай Жұмасұлтанов Статистика жөніндегі мемлекеттік комитеттің төриесі, ал Сарыбай Қалмұрзаев сол төриенің орынбасары болған. Кейін бұлардың балалары Нұрлан мен Нұрбол атышулы әуе компаниясының құлағын ұстапты.
Қазақ «Әкесі құрдастың – баласы құрдас» дейтін. Енді «Әкесі әріптестің – баласы серіктес» деген жөн шығар», - дейді журналист.
«Жаңа мақал» желі қолданушыларды бейжай қалдырмады. Әріптесімізге әркім өзінше қолдау танытып әлек. Соның кейбіреуін оқырман назарына қаз-қалпында ұсынғанды жөн көрдік.
Бақтыбай Жайлау: «Мақал осылай туады екен ғой!».
Абай Нұрмағанбетов: «Қазынаны тонау атадан балаға жалғасқан».
Ерқанат Тұрсынжанұлы: «Сол баяғы жең ұшынан жалғасқан жемқорлық қой».
Алият Аюпов: «Балықшы балықшыны алыстан таниды деген мақал бар сияқты еді, соған ұқсас мақал тілімнің ұшында тұр».