08.01.2020, 09:20

Иран америкалық Айн әл-Асад базасын ондаған зымыранмен атқылады

Тегеран "Сүлейманиді өлтірген АҚШ-тан кек алатынын» мәлімдеген. АҚШ президенті Дональд Трамп та «Тегеран шабуыл жасаса, Иранның 52 орнын бомбалайтынын" айтқан.

8 қаңтарда Иран АҚШ әскерилері мен коалиция күштері шоғырланған Ирактағы бірнеше нысанды ондаған зымыранмен атқылады, олардың арасында Ирактың батысындағы әл-Асад және Эрбилдегі база да бар деп хабарлады Пентагон.

АҚШ-тың қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Джонатан Хофман "бұл зымырандарды Иранның жібергені анық" деді. Ол шығын мөлшері бағаланып жатқанын айтты.

Иранның мемлекеттік телеарнасы Ислам революциясы сақшылары корпусы "Ирактағы америкалық Айн әл-Асад базасын ондаған зымыранмен атқылады" деп хабарлады. Сақшылар корпусы "жаңа агрессия болған жағдайда бұдан да жойқын шабуылдар" болатынын ескертті.

"Біз АҚШ-тың Ирактағы нысандарына шабуыл жасалғанынан хабардармыз. Президент те біледі, ол жағдайды мұқият бақылап отыр және ұлттық қауіпсіздік жөніндегі командасымен кеңесіп жатыр" деді Twitter-де АҚШ президентінің баспасөз хатшысы Стефани Гришэм.

Ислам революциясы корпусының «Құдс күштері» арнайы жасағының қолбасшысы Сүлеймани 3 қаңтарда Бағдаттағы АҚШ-тың әуе шабуылы кезінде мерт болған. Оны өлтіруге АҚШ президенті Дональд Трамп тікелей бұйрық берген. "Құдс күштері" Иранның сырттағы әскери операцияларына қатысқан.

Тегеран "Сүлейманиді өлтірген АҚШ-тан кек алатынын» мәлімдеген. АҚШ президенті Дональд Трамп та «Тегеран шабуыл жасаса, Иранның 52 орнын бомбалайтынын" айтқан.

Дереккөз: Азаттық