Желі белсендісі Марат Қайсарбекұлы facebook парақшасына «Дінмұхаммед Қонаевқа да 1978 жылы қызмет етіп жүрген кезінде-ақ ескерткіш қойылған екен», - деп, Азаттық радиосындағы Кинофотоқұжаттар мен дыбыс жазбалары орталық мемлекеттік архивінен алынған видеоны жүктеді, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
Толығырақ тоқтала кетсек, бұл қола бюст 1978 жылдың қазан айында КСРО Жоғарғы Кеңесі төралқасының Жарлығына сәйкес орнатылып, арнайы ашылу салтанаты болған. Ескерткішті Қазақ ССР министрлер советінің төрағасы Бәйкен Әшімов ашты десек, ол рәсімге Қонаевтың өзі қатыспаған.
Бүгінде сол бюст Алматы қаласындағы Бөгенбай батыр жəне Қонаев көшелерінің қиылысындағы бақта тұр. Тұғырдың қасбетіне «Қонаев Дінмұхаммед Ахметұлы. Екі мəрте Социалистік Еңбек Ері» деген жазу жазылған.
Ескерткіштің жалпы биіктігі – 4,59 метр. Авторы – суретші Төлеген Досмағамбетов. Ал оның идеясы бойынша тегістелген гранит тұғырға сəулетшілер А. Қапанов, Ш. Уəлиханов, И. Токарь, В. Дмитриевский қондырған.
КПСС Орталық комитеті саяси бюросының мүшесі, Қазақстан компартиясының бірінші хатшысы Дінмүхаммед Қонаев одан кейін Социалистік Еңбек Ері атағын үшінші мәрте алды. Ал аталған қызметінде 1986 жылдың желтоқсан айына дейін отырды.
Айта кетсек, Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа да президент кезінде-ақ ел ішінде және шетелдерде бірнеше ескерткіш тұрғызылды.