24.01.2020, 12:20

«Шетелдік және жергілікті жұмыскерлерге жалақы төлеуде теңсіздікке жол бермеу керек» - Тоқаев

Фото: Bugin.kz
Бас прокуратураның көмегімен 550-ге тарта шетелдік еліне қайтарылды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке қазақстандық және шетелдік жұмысшыларға жалақы төлеу кезінде теңсіздікке жол бермеуді тапсырды, деп хабарлайды Sputniknews.kz.

"Шетелдік және жергілікті жұмыскерлерге жалақы төлеуде теңсіздікке жол бермеу керек. Ол анық мәселе. Бірақ, осы жұмыстың нәтижесі қандай, қалай болып жатыр?", - деп президент вице-премьер Бердібек Сапарбаев сұрады.

Үкімет басшысы орынбасарының айтуынша, қазір республикадағы екі мыңға жуық кәсіпорында шетелдік азаматтар еңбек етеді. Ондағы жұмысшылардың 96 пайызы қазақстандықтар.

"Сіздің тапсырмаңызға сәйкес, еңбек министрлігі бас прокуратура, жергілікті билік өкілдерімен бірігіп, отыздан астам шетелдік жұмыс істейтін 96 кәсіпорынды тексерді. Соның нәтижесінде, мыңға жуық заң бұзушылық анықталды. Бас прокуратураның көмегімен 550-ге тарта шетелдік еліне қайтарылды. 470 еңбек шарты бұзылды", - деп баяндады Сапарбаев.

Ол министрлік квотаны 40 пайызға қысқартқанын, шетелдік жұмысшылар саны 29 мыңға дейін азайғанын жеткізді.

"Оған қосымша, қолданыстағы заңдарға өзгерістер енгізу туралы құжаттарды дайындап, парламентке жібердік. Шетелдік жұмысшылар істейтін кәсіпорындарға ең кем дегенде екі-үш жылдың ішінде қазақстандықтарды оқытуды тапсырып жатырмыз", - деді Сапарбаев.

"Бұл жұмысты міндетті түрде жалғастыру керек", - деп тапсырды Қазақстан президенті.