Қазақстанда соңғы бірнеше жылда жемқорлықпен күрес жоғары қарқынмен жүргізілгені шындық. Алайда, елде қалыптасып қалған жүйенің өзгеретін түрі жоқ, яғни жемқорлар азаяр емес. Бұл туралы танымал саясаттанушы Сергей Акимов «NewTimes.kz» порталына берген сұхбатында мәлімдеді.
Transparency International ұйымы жыл сайын жемқорлық деңгейіне қатысты мемлекеттердің рейтингін жариялап отырады. Бұл тізімде Қазақстан 123 орында, алдыңғы жылмен салыстырғанда 3 сатыға жоғары. Дегенмен, біздің ел әлі де болса коррупция жайлаған елдердің қатарында.
Ал, С.Акимовтың айтуынша, мұндай тәуелсіз ұйымдар жүргізетін рейтингтерге "имандай" сенудің қажеті шамалы. Өйткені, олар іштегі саяси жағдайларды ескере бермейді дейді ол.
«Дей тұра, мұндай рейтингтер міндетті түрде керек. Ол мемлекет билігін жемқорлықпен күресуге итермелейді. Ал, біздің елде биліктің жемқорлықпен күресі көп жағдайда қағазбастылықты, бюрократияны жоюмен ғана шектелетіні тағы бар. Ірі шенеуніктердің қамалуын өздері жемқорлықпен күрес деп атағанымен оның көп жағдайда кландар арасындағы "соғыс" екенін жақсы білеміз» дейді саясаттанушы.
Айта кету керек, Transparency International ұйымы жемқорлық деңгейінің көрсеткішін 168 мемлекет арасында жүргізген. Оның бірінші сатысында, яғни коррупция көрсеткіші ең төмен ел - Дания, ал, ең соңғы сатысында Сомали елдері орналасқан.