27.01.2016, 11:12

Қазақстан Қытайға жер берді

2014 жылғы Жолдауда Президент Н.Назарбаевтың баса айтқан мәселелерінің бірі жер жайы болды. Сол кездерден бастап пайдаланылмай немесе мақсатсыз пайдаланып жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару мәселесі республикалық деңгейде көтеріле бастады. Жолдауда мемлекет басшысы арабтар мен қытайлардың Қазақстанның жеріне қызығушылық танытып отырғанын айтып, ауыл шаруашылық жерлерін шет елдік компанияларға 99 жылға дейін беру керектігін айтып қалды.

Артынша халық ішінде бұл бастаманың орынсыз екені жайлы қарсы пікірлер айтыла бастады. Мәселе осымен жабылғандай болғанымен, бірер күн бұрын ҚР ауыл шаруашылығы министрлігі шет елдік компанияларға ауыл шаруашылық жерлерін жалға беру мерзімінің 10 жылдан 25 жылға дейін ұзарту туралы заң қабылданғанын мәлімдеді. Артынша Қытайдың CITIC, COFCO, Rifa Holding Group және AIJIU компанияларының Қазақстанда ауыл шаруашылық өнімдерін өсіруіне мүмкіндік беретін екі жақты келісімдерге қол қойылды.

Мақсатсыз пайдаланылып жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару науқаны барысында жеке шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлерден алынған жер телімдері сол қалпы игерілмей қалып, нәтижесінде ауыл шаруашылық саласы бойынша бюджетке кіретін кіріс көлемі азайып кетті. Сонымен қатар шаруаларды несиелеу мен жер телімдерін жалдау кезінде де тек бірлескен шаруа қожалықтары мен ірі шаруашылықтар ғана мемлекет субсидиясынан «ауыз тиді». Еліміздегі ауыл шаруашылық өнімдері негізінен жеклеген шаруа қожалықтарының үлесінде екенін ескерсек, аталған шаралардың барлығы ауыл шаруашылық саласына кері әсерін тигізген.

Қытаймен бірлескен шаруа қожалықтарының негізгі мақсаты Қытайға шығарылатын экспорт көлемін арттыру болмақ. Атап айтар болсақ, өндірілген тауардың 80 пайызы Қытайға шығарылса, 20 пайызы ел ішінде сатылмақ.

Қазақстандық кәсіпорындардың өзімізді жарылқамағанымен, Қытай экспортында адаған үлесінің бар екені белгілі Енді ол экспорт та осымен тоқтауы мүмкін. Басқаша айтқанда, Қытай компаниялары біздің оларға сататын ауыл шаруашылық өнімдерімізді Қазақстанға келіп өндіріп, өз елдеріне қайта алып кетеді деген сөз. Ал экспорттан түкен қаражат қайтадан сол Қытай компанияларының өздерінікі. Әдеттегідей, Қазақстанда жасалатын бизнесте мемлекеттің бар ұтатыны төленетін салық қана, егер кәсіпкерлерді қолдаймыз деп оны да алып тастамаса.

Екіншіден, Ресей мен Белорусьтен келетін азық-түліктің тысында Қазақстанның ішкі нарығында отандық өнімнің де өз үлесі бар, аз да болса. Ал Қытайдың алпауыт компаниялары кіргеннен кейін жергілікті шаруалардың олармен бәсекеге түсуі мүмкін емес. Демек, дүкен сөрелерін аталған компаниялардың өнімдері толтырады. Жартылай отандық, жартылай шет елдік саналатын кәсіпорындардың елдегі кәсіпкерлікті кері тартпаса, алға сүйремесі анық.

Негізінен, азық-түліктің ішкі сұранысын жаба алмайтын Қытай қазір ауыл шаруашылық өнімдерін шет елден, соның ішінде солтүстіктегі Ресейден сатып алуға мәжбүр. Қытайдағы алып нарық Қазақстан үшін үлкен мүмкіндік болса керек-ті. Ет өнімдері мен астық, өзге де егістік шаруашылығы өнімдерін өсіре алсақ, шығыста тұтынушы дайын. Дегенмен, ҚР Үкіметі дайын өнім сатқаннан гөрі жерді жалдап отыра бергенді жөн санап отыр. Айналасы бірнеше жылдың ішінде Қытай компаниялары Қазақстан нарығын жаулап алмақ. Әрине, ол компаниялармен отандық шағын шаруашылықтардың бәсекелесе алмасы анық.

 

Ал бір кездері жерлерін шет елдік компанияларға жалға берген Ресей бірнеше жыл бұрын жалға беру мерзімін 3-10 жыл аралығына дейін қысқартып тастаған болатын. Ондағы мақсат жергілікті шаруалардың нарықтағы орнын кеңейтіп, шет елдік компаниялардың кедергі келтіруіне жол бермеу болатын.

Бауыржан Мұқанов