Биыл Қытайдың Дунгуань қаласында өтуі тиіс болған теннис жарысы емі табылмаған індет – коронавирустың өршуіне байланысты, Қазақстан астанасы Нұр-Сұлтан қаласына ауыстырылып жатыр. 4-8 ақпан аралығында өтетін ол жарысқа Қытай, Үндістан, Индонезия, Корея, Өзбекстан спортшылары мен жанкүйерлері келеді деп жоспарланған. Осыған қатысты белгілі экономист, блогер Дәулет Төлеутайұлы Instagram парақшасында наразылық танытты, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Картадан қараңызшы, Дунгуань қайда, біз қайда?! Дәл қазір коронавирус өршіп тұрған аймаққа жақын!!! Ал енді осы жарыс деп 1045 Қытай келмек пе?! Онсыз да бүгін Қытайдан келген 4 азамат біздің ауруханада жатыр. Осы жарысты өз елінде өткізуге бірде-бір ел инициатива білдірмеген. Біз болсақ, жыртыл қазақ!!! Сосын біз не, керемет теннис ойнаймыз ба?! Бұл жарыста қазақтар бар ма өзі? Қазақстанға ең жақын қала Үрімшіге де коронавирус «коронасын» тағып келіпті. Шекара жабылсын!!! Дабыл!!!» - деп налып отыр жазба авторы.
Желі белсендісі онымен шектелмей, артынша барлық БАҚ пен билік өкілдеріне үндеу ретінде тағы бір пост жазды.
«БАҚ назарына, әріптестерім мен мені тығылып оқитын депутаттар мен оның көмекшілерінің назарына!!! Бізге ешқандай Қытайдағы жарыстың өткені керек емес!!! Мен қарсымын!!! Халық қарсы!!! ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, бұл жарыстан бас тартуларыңызды сұраймыз!!!» - дейді ол.
Әлеуметтік желі арқылы жиі өткізетін тренингтері арқылы ел тұрғындарының баспанаға қол жеткізуіне септесіп жүрген блогердің жақтастары да аз емес. Қазір осы екі жазбасының өзі желі қолданушылары тарапынан көп қолдауға ие болды.
«Қазмедиада КОРОНАВИРУСҚА қатысты медиаштаб құрылды. Шекара жабылу үшін міндетті түрде біреу аурудан көз жұму керек пе? Құдай кешірсін, бірақ, сол Қытайдың 10 миллионы қырылса да, ҚЫТАЙ болып қала береді. Себебі, 10 миллионы пайызға шаққанда 1% халқына да жетпейді. Ал біз де не? Бар-жоғы 18 миллион ғана қазақстандық!!!» - деді одан әрі Дәулет Төлеутайұлы.