Бүгін Мәжіліс депутаты Берік Дүйсембинов жас мемлекеттік қызметкерлердің еңбек жолын ауылдан бастамай, бірден жоғары жаққа ұмтылатынына қынжылыс білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Мәжілістің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінде «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы таныстырылған.
«Ақыл – жастан. Президенттік кадрлық резерв деп жатырмыз. Оның бәрі жақсы ғой. 90%-ы шетелде оқып келген. Бірақ, ауылдың боранына тоңбай, батпағына батпай, Ақордаға тікелей кіретін жастардан ертең елін ойлайтын, жаны ашитын азамат шықпайды. Жоғары білімді шетелде оқып келген, жағдайы бар жастарды ауылға жіберу де қиын. Ауылға барсаңыз, әкімнің өзі жасы егде, зейнетке шығатын күнін санап отырғанын байқайсың.
Осы мәселені қалай шешесіздер? Шетелден бітіріп келген жасты ауылдың тезіне салмай, кейін «адал қызметкер болады» деу, бұл енді, фантастика. Олардың бәрінің не бітіріп жүргенін көріп отырмыз. Болашақ бітіргендер ұрлаудың мықты схемасын жасағандары болмаса, қырған ештеңелері жоқ. Жемісін көрмедік», - деді Берік Дүйсембинов.
Алайда, қазақ тілінде сауал тастаған мәжілісменнің сұрағын агенттік төрағасының орынбасары Марат Дәуешов дұрыс түсінбеген тәрізді. Әйтеуір, орыс тілінде ежіктеп жауап берді.
«Шынымен ауылдық жерде кадрлар жетіспейді. Біз бұл жағдайға сараптама жасадық. Ауылдағы кадр жетіспейтін мамандықтардың 90%-ы – жетекші және бас сарапшы қызметтері. Бұл бағытта жұмыстар атқарып жатырмыз», - деді Марат Дәуешов.
Осы ретте Мәжілістегі «Ақжол» фракциясының өкілі «жас кадрлар ауылдың шаңынан өтуі керек» екенін айтты.
«Сіз менің сұрағымды түсінген жоқсыз. Өсіп келе жатқан ұрпақ пен елдің арасындағы түсініспеушілік. Бұл тілден туындап отыр. Менің қойған сұрағым – жас кадрлар ауылдың шаңынан өту керек. Арамызда ел басқарған ағалар отыр. Олардың бәрі еңбек жолын ауылдық жерден бастаған.
Сондықтан жас кадрларға да осындай кеңес беремін. Ал бүгін жастар бірден Ақордаға кіріп жатыр. Олар ертең ауылдың өмірін айтқанда, мультфильм қарап отырғандай болады. Ауылда не болып жатқанынан хабарымыз жоқ. «Әкім» деген киноны қараңызшы. Сонда бәрі көрсетілген», - деді депутат.
Ал агенттік төрағасының орынбасары жиналыстан шыққан соң Нұртас Адамбай түсірген киноны қарайтынын айтты.