Кезінде ел ықыласына бөленген «Бауыржан шоу» театрын құрған танымал актер Бауыржан Ибрагимов жақында ғана зейнетке шыққан Иманғали Тасмағамбетов туралы өз ойын білдірді. Бұл туралы ол журналист Аман Тасығанға берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Oinet.kz.
Сұхбат барысында Бауыржан Ибрагимов билік Иманғали Тасмағамбетовті зейнетке жібергеніне өкінішін білдірді. Себебі, Иманғали Нұрғалиұлы қазір нағыз бабында, жұмыс істейтін шағында екен.
«Мен Имекеңді өте жақсы көрем. Оның азаматтығын, іскерлігін, ұлтқа деген, мемлекетке деген, Елбасыға адалдығын. Мен ойлаймын, мемлекетке әлі Имекеңнен көп нәрсе алуға болар еді. Ол қазір нағыз жұмыс істейтін шағында. Меніңше, Иманғалидың ең бірінші дұшпаны – оның іскерлігі. Иманғалиды қайда қойса да ол үлгі тұтатындай қылып жұмыс істейді. «Әдейі көрінейін, мені біреу мақтасын» деп істемейді, өзінің жаратылысы сондай адам. Ол жатпайды, тұрмайды, тоқтамайды.
Ол Атырауда әкім болған кезде қасында 1 жыл жүрдім. Бірде ол маған: «Менімен бірге түнде шығасың ба?» - деді. Мен «иә» дедім. Содан екеуміз шықтық. Имекең рөлге отырды. Үстіне спорттық киім киіп алған. Екеуміз таңғы сағат 4-тен бастап қаладағы бүкіл нысандарды араладық. Атырауда күн ыстық. Жол салу секілді жұмыстарды адамдар түнде істейді. Имекең бәрін аралап, таңғы сағат 7-де келіп душқа түседі де, әкімдікке қарай кетеді.
Орынбасарлары, түрлі жұмысқа жауапты адамдар жиналған кезде сұрақты үсті-үстіне қойып, жандарын шығарады. Өйткені, ол бәрін аралап, өз көзімен көріп келген соң бүкіл мәліметке қанық. Ол сөйтіп жұмыс жүргізетін адам. Осыдан халық арасында әңгіме шығады. «Ой, айналайын, Имекең болашақ Президент қой» деп. Бұл әңгіме жоғары жаққа басқаша жетуі мүмкін. «Әне, анау осылай істеп жатыр. Одан абайлау керек-ау» деген секілді әңгіме болуы мүмкін. Мен өзім Имекеңе дұшпандар осылай кесірін тигізді-ау деп ойлаймын. Әйтпесе, Иманғали расында қазағым деген азамат қой», - деді Бауыржан Ибрагимов.