$ 447.4  477.55  4.76

«Бұл жұмысқа жабысып тұрған жоқпын»: Алматы облысы әкімінің атышулы орынбасары Мәнізоров өз еркімен жұмыстан кетті

Аймақ әкімінің орынбасары қайда жұмысқа баратынын айтқан жоқ.
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

Алматы облысы әкімінің орынбасары Бағдат Мәнізоров қызметінен кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Соңғы айларда елдегі ең даулы іске себепші болған шенеунік өз еркімен арыз жазатынын мәлімдеді.

«Мен бүгін арыз жазамын. Қазір сағат 10-да, әлгі жағдайдан кейін төрт ай жұмыс жасадым. Өзімді өзім көрсеттім. Прокуратураның қаулысы бар, тазамын. Мұндай шешімді өзім қабылдадым. Осы қызметтен кеткім келеді, өзім үшін өмір сүргім келеді»,- дейді Бағдат Мәнізоров.

Аймақ әкімінің орынбасары қайда жұмысқа баратынын айтқан жоқ. Бірнеше ай тынығып сосын ойланып көретінін қоса кетті. Ол өз сөзінде мансапқұмар емес екенін, соны дәлелдеу үшін өз еркімен жұмыстан кетуге шешім қабылдағанын жеткізді.  

«Әзірге бір-екі ай демаламын, арғы жағын уақыт көрсетеді. Содан кейін айтатыным, маған ешкім жұмыстан кет деп жатқан жоқ, мен мансапқұмар емеспін. Бұл жұмысқа жабысып тұрған жоқпын, өзім шешім қабылдадым, соны дұрыс түсініңіздер. Бұл жұмысқа мен бір пайда табу үшін немесе жемқорлықпен айналысу үшін келген жоқпын. Бұл жерге жұмыс істеу үшін келген едім. Кейбір адамдарға керек болса бұл жұмысты өткізіп беремін. Өзімнің айналысатын басқа істерім бар»,- дейді танымал шенеунік.

Айта кетейік, Бағдат Мәнізоровтың ұсталғаны туралы ақпарат былтыр қыркүйек айының соңында жарияланған болатын. Өткен жылы 27 қыркүйекте ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Бектенов бұл ақпаратты растады. Ал қараша айының басында Бас прокуратура аталған қылмыстық істі тоқтатылғанын айтып, Мәнізоров жұмысына қайта оралды. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары