Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов қызметінен босатылуының себебін түсіндірді. Ол барша жамбылдықтарға алғысын айтты, деп хабарлайды Stan.kz.
«Облысымызда өте ауыр қайғылы жағдай орын алды. Бұл жағдай тек жамбылдықтар үшін ғана емес, барша қазақстандықтарға да ауыр болып отырғаны бәрімізге мәлім. 170-тен астам адам жарақат алды. Ең ауыры, он адам қаза тапты. Осындай жағдайда жұмысты жалғастыруды әкім ретінде өзім моральдық тұрғыдан ауыр деп есептедім.
Сондықтан да осы жағдайда президентке өз еркіммен отставкаға кетуге шешімімді қабылдадым. Рахмет, шешімімді қабыл етті. Ең алдымен Елбасыға алғысымды айтқым келеді. Кезінде осы қызметке тағайындады, сенім білдірді. Қасым-Жомарт Кемелұлының көрсеткен қолдауына да үлкен рахметімді айтқым келеді», – дейді Асқар Мырзахметов.
Ал Жамбыл облысының жаңа әкімі болып Бердібек Сапарбаев тағайындалды. Ол Асқар Исабекұлының іскерлігіне тоқталып, өңірде қолға алынған іргелі істер мен жарқын жобалар жалғаса беретінін айтты.