$ 449.58  486.94  4.86

«Тоқаевтың тапсырмаларын қоластындағы бюрократтар елемейді»: Ұлттық кеңестен ши шыға бастады

«Бұл жағдайда ұлттық кеңестің келесі отырысы болмауы да ықтимал. Бақытжан Бұқарбай кеңес құрамынан шыққандығын, ал Арман Шораев шығуы мүмкін екендігін мәлімдеді. Уәде етілген реформа болмаған жағдайда бұл тізімнің жалғаса беретіндігі сөзсіз».

Президент Тоқаевтың саяси реформалары аяқсыз қалуы мүмкін. Бұл туралы Ұлттық кеңестің мүшесі, дінтанушы Қайрат Жолдыбайұлы өзінің facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

«Ұлттық кеңес көтеріп, Тоқаев уәде еткен партия құруды жеңілдетуге, митингке қатысты саяси реформалар аяқсыз қалатын түрі бар. Себебі, митингке қатысты ұсынылып отырған заң жобасы және Жанболат Мамайдың партия құруына жасалып жатқан қысым осыны көрсетеді.

Бұл жағдайда ұлттық кеңестің келесі отырысы болмауы да ықтимал. Бақытжан Бұқарбай кеңес құрамынан шыққандығын, ал Арман Шораев шығуы мүмкін екендігін мәлімдеді. Уәде етілген реформа болмаған жағдайда, бұл тізімнің жалғаса беретіндігі сөзсіз», - дейді Қайрат Жолдыбайұлы.

Иә, баспагер, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Бақытжан Бұқарбайдың кеңес құрамынан шығатынын facebook парақшасында мәлімдегені рас. Ол кеңестің мүшесі болуға 30 жыл күткен саяси реформалар жүзеге асып қалады-ау деген үмітпен келіскенін, саяси реформалар бойынша жұмыс тобының құрамында бірқатар заңдарға өзгерістер енгізуге бағытталған ұсыныстар дайындауға белсене атсалысқанын айтты.

«Біздің ұсыныстарды ескере отырып, президент Тоқаев жыл соңында саяси реформалардың бірінші пакетін жария етті. Яғни, партияны тіркеу жұмысын жеңілдету, бейбіт жиын ұйымдастыру үшін хабарлау жүйесіне көшу сияқты оң өзгерістерді заңға енгізу туралы нақты тапсырма берді.

Өкінішке қарай, министр Абаевтың ведомствосы әзірлеген «Бейбіт жиындар туралы» заң жобасы президенттің тапсырмасына сай болмай шықты және ол халықтың, азаматтардың мүддесіне қайшы болып отыр. Бұған қоса, саяси тұтқындардың әлі күнге дейін босатылмағанын айта кеткен жөн. Жанболат Мамайға партия құру жолында тосқауылдар жасалып жатқанын да көріп жүрмін.

Осының барлығы Тоқаевтың тапсырмаларын оның қоластындағы бюрократтардың елемейтінін аңғартып отыр. Бұл дегеніміз Ұлттық кеңестің бүгінгі таңда еліміздегі саяси реформаларға ешқандай әсер ете алмайтын ұйым екенін көрсетті. Мен халқымның алдында адал болғым келеді. Халықтың мүддесін әрдайым бәрінен жоғары қоямын.

Кеңестің құрамында елімізге пайда әкелетін өзгерістер үшін барымды салып, қолдан келгенше тырыстым, бірақ, Ұлттық кеңеске биліктің құлақ аспайтынына ақыры көзім жетіп отыр. Мен халықтың мүддесіне қайшы әрекеттер мен пиғылдарды заңдастыруға араласқым келмейді. Сол себепті, Ұлттық кеңестің құрамынан шығатынымды мәлімдеймін» делінген баспагер жазбасында.

Бақытжан Бұқарбай саяси реформаның орнына көзбояушылық болса, оның неге әкеліп соғатыны туралы Тоқаевқа арналған кітабында жазғанын да ескертті. Бұған дейін Ұлттық кеңестің тағы бір мүшесі, экономист Мұхтар Тайжан желідегі өз парақшасында демократиялық және нарықтық реформалар басталмай жатып, соңы сиырқұйымшақтанып бара жатқанына алаңдаушылық білдірген еді.

Ол Ұлттық сенім кеңесі мүшелерін заң жобасын жасау ісіне араластырмайтынын, отырыста көтерілген мәселелерді жүзеге асыру барысы белгісіз екенін алға тартып, кеңестің келесі отырысының қашан өтетіні, онда қандай мәселе күн тәртібіне қойылатыны анық еместігін айтқан.

Сондай-ақ, бір ұйымда бас қосқан өзге әріптестері сияқты, Мұхтар Тайжан да Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі әзірлеген митинг туралы заң жобасы мүлде іске алғысыз деп отыр. Жазбасының соңында ол Ұлттық сенім кеңесінде көтерілген саяси реформаларды жүзеге асыру үшін президент жаңа адамдарды жұмылдыру керектігін сөз еткен.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары