Құқық қорғаушылар 22 ақпан күні Қазақстанның түрлі қалаларында болған митингілер кезінде 300-ден астам адамның ұсталғанын айтады. Олардың басым бөлігі босатылған, кейбірі әкімшілік жазаға тартылған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, Азаттық радиосына сілтеме жасап.
Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина 23 ақпан күні түстен кейін Нұр-Сұлтан мен аймақтарда әкімшілік жазаға тартылған азаматтар туралы дерек жазды. Оның есебінше, 22 ақпан күні Қазақстан бойынша 300-ден астам адам ұсталған. Басым бөлігі босатылған.
Qaharman құқық қорғау тобы да ұсталғандардың басым бөлігінің босатылғанын айтады. Олардың есебінше, Қазақстанның 16 қаласы мен елді мекендерінде «ҚДТ митингісіне байланысты» 174 адам ұсталған да, 30-дан астам адамның үйлерін полиция торуылдап, сыртқа шығармаған.
Нақты айтқанда, сенбі күні 11.00 шамасында Әлия мен Мәншүк ескерткіші жанында митинг өткізіп, саясаткер Жанболат Мамайды босатуды талап еткен «Демократиялық партия» белсенділері ұсталды. Ал түстен кейін полиция тіркелмеген «Қазақстанның демократиялық таңдауы» (ҚДТ) қозғалысы«митингі орны» деп белгілеген және соған жақын маңдардан жүзден астам адамды ұстап, бөлімшеге жеткізді.
Алматыдан бөлек, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Ақтөбе қалаларында да полиция біраз белсендіні ұстады.
Тағы оқи отырыңыз: «Саяси астары бар»: «митинг өтеді» деген орындарда интернет істемей қалды
Еске сала кетсек, бұған дейін бұрынғы банкир, қашқын саясаткер Мұхтар Әбілязов 22 ақпан күні жақтастарын митингіге шақырған болатын. Ал ол құрған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысы 2018 жылы елде «экстремистік ұйым» деп танылып, қызметіне тыйым салынғаны мәлім.