02.03.2020, 06:30

«Әкімдер жер қалмаған соң, саябақтың ішіндегі жерлерді сатуда!» - Айгүл Орынбек (ВИДЕО)

фото: syrboyi.kz
«Сенатор Дариға Назарбаева ханым, ауылдың жағдайын нашар деп кеше ғана айтып кеттіңіз! Сондай нашар жағдайға жеткізген тойымсыз әкімдер! Енді жастар қайда барып серуендейді?».

Белгілі заңгер, қоғам белсендісі Айгүл Орынбек facebook парақшасына Қызылорда облысының Шиелі ауданындағы саябақтың жеке меншікке сатылып кеткені жөнінде шағын пост жариялады, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

Шиелілік әлдебір бозбала түсірген видеоны жариялаған ол, «ауылдардың жағдайы нашар» деген Сенат спикері Дариға Назарбаеваға сол нашарлаудың себебін жеткізді.

«Әкімдер жер қалмаған соң, саябақтың ішіндегі жерлерді сатуда! Жастар ауылдан неге қашады? Себебі, ауылдың жағдайы осындай! Шиелі ауданындағы жалғыз саябақ! Көріп тұрғандай, ол қараусыз қалған. Осы саябаққа қаншама ағаш отырғыздық деп бюджеттен ақша желінген шығар, иә? Ішіне үйлер салынғанына қарағанда, саябақтың жері жеке меншікке кетіп қалғанға ұқсайды!

Сенатор Дариға Назарбаева ханым, ауылдың жағдайын нашар деп кеше ғана айтып кеттіңіз! Сондай нашар жағдайға жеткізген тойымсыз әкімдер! Енді жастар қайда барып серуендейді? Шаң басқан ауылда кім тұрғысы келеді? Ауыл, аудандарды көркейткісі келетін жастар бар. Бір тал егуге шамалары жетеді! Әкімдер рұқсат бермейді!» - дейді білікті заңгер.

Айтуынша, Шиелі – саябақ ішіндегі жер сатылған екінші қала. Біріншісі, Арыс қаласының саябағын жергілікті әкімдік үлкен тойхана иесіне аукцион арқылы сатып жіберген көрінеді. Осы жайттарға налыған Айгүл Орынбек: «Саябақ жерлері мемлекетке қайтарылсын!» деп түйіндеді жазбасын.