28.02.2020, 13:00

Тоқаев: Ұлттық кеңес ел сенімін ақтай алатынын дәлелдеді (ФОТО)

Ал Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысы 2019 жылдың желтоқсан айында өтті. Бұл алдыңғы отырыста кеңес мүшелері көтерген мәселелердің қорытындысын тізген жиын болды.

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері Саясат Нұрбек пен Қайырбек Арыстанбековті Ақордада қабылдады, деп мәлімдеді Skifnews.kz ақпарат порталы.

Ұлттық қоғамдық кеңес мүшелері елдегі әлеуметтік саясаттың, ұлттық экономикалық бастамалардың тиімділігін арттыру мәселелерін сөз етті.  Сондай-ақ, кәсіптік-техникалық білім беру және еңбек нарығын қалыптастыру жайы да талқы болды. Мемлекет басшысы өз кезегінде білім саласын дамытуда жаңа әдістердің керектігін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Ұлттық қоғамдық кеңесінің келесі отырысында аталмыш мәселелер күн тәртібіне енгізілуі тиіс. 

Сонымен, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен құрылған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің келесі отырысы қашан өтеді? Онда қандай мәселелер талқыланбақ? Бұған дейін Ұлттық қоғамдық кеңес көтерген мәселелер өз шешімін тапты ма? Ел-халықтың көкейіндегі көп сауалдардың бірі, бұл. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алдыңғы екі отырысы

Осыған дейін екі мәрте жиын өткізген Президент жанынан құрылған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесіне қырықтан аса адам мүше. Олар қоғамдағы түрлі сала өкілдері. Ал бұл кеңес былтыр маусым айында құрылған.  Одан бері екі мәрте жиын өткізді. Президент Тоқаев кеңес мүшелерінің біразын Ақордада қабылдап, әйдік әңгімелесті. 

Алғашқы отырыс:

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысы 2019 жылдың қыркүйек айында өтті. Онда үш бағыт бойынша құрылған жұмыс тобының өкілдері кезек-кезек сөз алып, бірқатар мәселелерді талқыға ұсынды. Атап айтқанда, бес саяси заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу (1995 жылы қабылданған митингілер туралы заң, 1995 жылы қабылданған сайлау туралы заң, ҚР Парламені мен оның депутаттары туралы заң, 1999 жылы қабылданған БАҚ туралы заң, 2002 жылы қабылданған саяси партиялар туралы заң) ұсынылды.

Сонымен қатар, жергілікті басқару органдары, сот реформалары, тұжырымдамаларын әзірлеу, белсенді азаматтарды ұлттық компаниялардың директорлар кеңесіне қосу, жастарды жұмыспен қамтуды реттеу, білім беру саласын заманауи талапқа сай жүргізу, еңбек нарығын қалыптастыру т,б, мәселелер айтылды. 

Ал жиынды қорытындылаған Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Халық бізден нақты ұсыныстар күтіп отыр. Ұлттық қоғамдық кеңес осы міндеттерді ойдағыдай жүзеге асыратын құрылымға айналады деп сенемін. Біз әуел халықтың сенімін ақтауымыз керек. Бүгін айтылған пікірлеріңізді бір құжатқа жинап, сараптама жасап, тез арада іске асыруымыз керек», деген болатын. 

Екінші отырыс:

Ал Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысы 2019 жылдың желтоқсан айында өтті. Бұл алдыңғы отырыста кеңес мүшелері көтерген мәселелердің қорытындысын тізген жиын болды. 

Алқа-қотан жиынды ашып, сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Ұлттық қоғамдық кеңестің басты міндеті экономикалық және саяси-әлеуметтік мәселелерді шеші үшін ұзақ мерзімді жүйелі концепция әзірлеу екенін айтты. 

«Бұл кеңес қоғамның билікке деген сенімін арттыруға үлкен ықпал етті. Біздің бұл тәжірбиемізді Халықаралық ұйымдар жоғары бағалап отыр. Көпшілік мұны сындарлы диалогтың үлгісі ретінде қабылдады. Ең бастысы Ұлттық қоғамдық кеңес ел-халықтың сенімін ақтай алатынын дәлелдеді», деді Президент. 

Ұлттық қоғамдық кеңес көтерген мәселелер мен олардың шешімі

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде көтерілген бірқатар мәселелер 2020 жылы өз шешімін таба бастағаны шындық. Солардың бірсыпырасы:

Ауылшаруашылық жерлерін космомониторингтеу,

Бос жатқан жерлерге үстеме салық салу, 

Квазимемлекеттік мекемелердің директорлар кеңесіне азаматтық қоғам өкілдерін кіргізу,

Аудиторлық жұмыстардың есебін жариялау,

Шетелдік еңбек мигранттарының санын қысқарту,

Шетелдік жқмысшыларды тұрақты тіркеуге тұрғызу,

Сыртқы қарыз туралы мәліметтердің ашықтығын қамтамасыз ету, 

Көлеңкелі бизнеспен күресу, 

Бизнес субьектілері бойынша ашық мәліметтер базасын қалыптастыру,

Көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақыны көбейту,

Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамту, 

Жұмыс берушінің міндетті 5 пайыздық зейнетақы жарнасын енгізуді 2023 жылға шегеру,

Заңды митингтерді ұйымдастыруда ескерту қағидатын енгізу,

Бейбіт митингтерге рұқсат беру,

Партия құру үшін мүшелер санын екі есеге азайту,

Қылмыстық кодекстің 130-бабын (жала жабу) қылмыстық деп танымау т.б. мәселелер биылдан бастап қолданысқа әзірленетін болды. 

Үшінші отырыс қашан өтеді?

Ал Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысы қашан өтеді? Онда қандай мәселелер талқыланбақ?

Бұл туралы Ақорда ресми ақпарат таратқан жоқ. Десе де, Ұлттық қоғамдық кеңестің кейбір өкілдері БАҚ-қа берген сұхбаттарында кеңестің келесі басқосуы биыл сәуір айында өтуі мүмкін. Онда жекелеген тақырыптық мәселелер қарастырылуы мүмкін. Атап айтқанда, білім саласы мен денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелер талқыланбақ.