Қоғам белсендісі Айгүл Орынбек кеше ғана шет елде жатып алып, халықты арандатып жүрген Мұхтар Әбілязовты «жерден алып, жерге салған» еді. Одан кейін тағы да митингке шығу мәдениетін білмей, жалған ұран көтерген әркімнің соңынан ере кететін тоғышар тобырлықты сынап тастады, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Митингке нақты болашаққа жоспары бар, саяси мәдениетті талап ете алатын азаматтарды қолдауымыз керек! Алаңға шыққан біз сияқты белсенділерді биліктегілер «нақты ұсыныстары жоқ топастар» деп санамасы үшін! «Тоқаев шкаф, мебель», «Шал, кет!» деген ол ұсыныс емес! Біз көзі ашық дамыған қоғам құрғымыз келсе, өзіміз сияқты халықты полиция қорғап шықсын десек, нақты бағытымыз бен ұсыныстарымыз жинақы, жоспарлы болу керек!
Жеке басқа тіл тигізіп, базардағы әйелдер сияқты бәріміз ұрыса аламыз. Мысалы ретінде бүгін мен де жазып көрсеттім! «Деңгейің белгілі болды» деп жазып жатқандар болды. Биліктегілерге осы жерде аузына келгенді құсып отырғандар солай көрінеді. Полиция қызметкерлеріне барып, «мал, шалдың иттері» десең, халық жаққа өтеді деп ойлайсыңдар ма?» - деп ашынады заңгер.
Оның пікірінше, қазір Фейсбуктағыларға қарағанда, базардағы әйелдер мәдениетті. Сондықтан да ол ортаға «Әбілязовты қолдамаған адамды биліктің адамы деген түсінікті қою керек! Пікір алмастырамыз ба, жеке басқа өтпей, нақты іспен алмастырайық!» - деген ұсыныс тастап отыр.
«Ал мынау Азаттық радиосында істейтін Асылхан Мамаш ағама айтарым, менің әр сөзімді жұлып алып жазбай, нақты істерімді жазыңыз! Халықтың проблемасын көтерген кезде, яғни керек кезде Азаттықты таппай қаласың! Ал митингіге келгенде әйелдердің артына тығылып, провокация жасап, әр бәлеге итермелеп отырады. «Биліктің сайты» деп жала жауып жатқанымыз жоқ қой ондай кездерде!
Осы Азаттық радиосы жемқорлық жайлы, заңсыздықтар жайлы, Қытай зауытына жер сатылып жатқанда көмек керек кезде қайда болды деп іздемей-ақ жүрміз! «Анау жаман, мынау жаман» емес, мемлекеттің болашағы үшін реформа жасауымыз керек! Ол үшін билікке нақты талаптарымызды жазып, ұсыныс айтайық! Бір-бірімізге «сен неге шықпадың, мен шықтым, сен батыр емессің, мен батырмын» деуді доғарайық!» - деді одан әрі, қарабайырлыққа қаны қарайған белсенді.
«Полиция қызметкерлерінің де сабыры бітер! Олар да халық жағына өтер!» - деген Айгүл Оорынбек, өзінің де сол сақшылар халықтың жағына өткен күні бейбіт митингіге шығуға дайын екенін жеткізді.
Тағы оқи отырыңыз: «Қаңғып келген бір арабтың ұрпағы қазақ пен қазақтың арасына іріткі салып, мәз болып отыр» - Айгүл Орынбек Әблязов туралы
«Оған дейін бір-бірлеп жойылып кетеміз! Себебі, бізді қорғайтын ешкім жоқ! Айдаладағы Аблязов келіп қорғап жатқан жоқ, айтақтағаннан басқа! Ал биліктегілерге айтарым, халықтан қорқып керегі жоқ! Халықтың талабын тыңдай біліңіздер!» деп түйіндеді ол жазбасын.