05.03.2020, 01:20

Қазақстанда барлық құжат айналымы толықтай электронды форматқа көшірілетін болды

«Қазіргі кезде талап ететіндей, құжаттарды қағаз жүзінде де, электронды түрде де дайындап, тапсыру дұрыс емес. Құжаттардың қағаз нұсқаларына біртіндеп тыйым салынуы керек», – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті кеңеске дейін «Smart Data Ukimet» жобасы аясында Білім және ғылым, Денсаулық сақтау, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Қаржы министрліктері мен «Ұлттық ақпараттық технология» АҚ атқарған жұмыстарының нәтижесімен танысты. Сонымен қатар, Мемлекет басшысына «Smart Bridge» және Интернет ресурстардың бірыңғай платформасы жайында мәлімет берілді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, Ақорда сайтына сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыру дегеніміз бір ғана саланы немесе бір бағытты дамыту емес екеніне тоқталып, оның ең алдымен экономиканың, өнеркәсіптің және қоғамның дамуына түбегейлі өзгерістер әкелуі қажеттігін баса айтты. Сондықтан барлық мемлекеттік органдар мен ведомствоға қарасты мекемелерге ортақ мониторинг жүйесін құрудың маңыздылығын ескертті.

«Big Data» технологиясын, «жасанды интеллект» алгоритмін қолдану нақты әрі дәл деректер базасын құруға, қате немесе ескірген ақпараттарды анықтауға, шашыраңқы мәліметтердің біртұтас және объективті көрінісін айқындауға көмектеседі. Сондықтан Үкіметке барлық мемлекеттік органдарды жұмылдыра отырып, «Smart Data Ukimet» жобасын қысқа мерзімде іске қосуды тапсырамын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент ақпараттық технология дамыған заманда мемлекеттік цифрлық қызметтер кез келген қарапайым адамға түсінікті және қолжетімді болуы тиіс екенін жеткізді. Сонымен қатар, қандай да бір қызмет түрлерін іске қосар алдында әртүрлі санаттағы азаматтардан құралған топтар жасақталып, оған халықты белсенді қатыстырып, кеңесу керек екенін айтты.

«Мемлекеттік басқару жүйесінде цифрлық технологияны қолдану – бүкіл бағдарламаның табысты болуының басты кілті. Бұл істе түбегейлі өзгерістер қажет. Барлық құжат айналымын толықтай электронды форматқа көшіру керек. Қазіргі кезде талап ететіндей, құжаттарды қағаз жүзінде де, электронды түрде де дайындап, тапсыру дұрыс емес. Құжаттардың қағаз нұсқаларына біртіндеп тыйым салынуы керек», – деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы тағы бір өзекті мәселе ретінде өңірлерді цифрландыру жағдайын айтты. Бұл жұмыста алға жылжу болғанмен, әр аймақта және барлық салада біркелкі іске аспай жатқанын жеткізді.

«Бизнес пен азаматтар тарапынан жоғары сұранысқа ие, бірақ, сыбайлас жемқорлық жиі болатын салаларда цифрландыру өте баяу жүргізілуде. Бұл жер телімдерін беру, табиғи монополиялардың қызметтеріне қосылу, қоғамдық көлікте жолақы төлеу жүйесі және басқа да салаларда көптеп кездеседі. Жергілікті атқарушы органдар аталған мәселеге қатысты белсенді жұмыс істейді деп сенемін. Цифрлық даму министрлігі бұл жұмысты тиісті деңгейде жолға қоюы тиіс. Президент Әкімшілігіне бақылауға алуды тапсырамын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы интернеттің жоқтығын немесе оның баяу жұмыс істейтінін айта келіп, қала мен ауыл тұрғындары арасында «цифрландыру алшақтығы» бар екенін де атап өтті.

«Бұл – жәй ғана алшақтық емес, әлеуметтік теңсіздік. Сондықтан Үкімет «цифрлық алшақтықты» реттеу жұмыстарын жандандыруы қажет», – деді Президент.