Белгілі кинорежиссер, қоғам белсендісі Еркін Рақышев жергілікті биліктің Алматыдағы Бутаковка шағын ауданында орналасқан саяжайын рұқсатсыз сүріп тастағанына ашулы. Сол себепті, ол Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімов пен Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың атына әлеуметтік желі арқылы видеоүндеу жолдады, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бастығы Кәрім Мәсімовке, Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевқа!
Менің мына Бутаковкідегі саяжайымды «Бұл заңсыз салынған, бұзып тастаймыз», - деп, мына жерді алып қоюға әрекет етіп жүрген Мақсат деген бір бизнесмені бар, артында қытайлары бар... қызығып отыр», - дейді ентігін баса алмай тұрған ол.
Айтуынша, аталған саяжайға құқық қорғау органдары келіп, оны көзінше бұзбақ болған. Ондайда қарап қалмайтын Еркін Рақышев болса, «Бұзбаңдар! Бұның ақ-қарасын сот анықтауы керек, құқық қорғау органдары емес», - деп қарсылық танытқан.
«Бірақ, бүгін таң атпай келіп, оңбағандар бұзып тастапты. Қазір ғана анау бұзып жатқан құрылысшылармен төбелесіп, қудым. Бәрі қашып кетті. Бірақ, мына менің дачамды орнына тұрғызатын боласыздар! Иә, мен осыны талап етемін!» - деп шырылдады видеоүндеуінде.
«Соғы кезде менің түрлі саяси көзқарасыма байланысты қоқан-лоққылар, әртүрлі қысымдар көбейіп кетті. Соны прикратите! Вот так! Қай жерде не айтатынымды мен өзім білемін! – деді одан әрі қоғам белсендісі. – Бұлай менің дачамды бұзып, басқа да жасап, қорқыта алмайсыздар! Карочье, мынаны орнына қоятын боласыздар! Одан кейін сөйлесеміз қалған әңгімені!».
Оның facebook парақшасына «Саясатпен айналыссаң осындай болады дейді. Маған қысым жасаған түрін қараңдар, оңбағандар!» деген тақырыппен жүктеген видеүндеуін қазір 327 адам өз парақшаларында бөлісіп, 160-тан астам пікір жазылған.
Мысал келтіре кетсек, ондағы «Ерекеңе неге тиіспей жүр деп едім, бастапты ғой», «Құдай қуат берсін сізге!», «Қорықпаңыз! Халық бар, көріп тұрған», «Құзырлы органдардан Еркін Рақышевтің жеке мүлкін қалпына келтіріп, моральдық өтем төлеулерін талап етеміз!», «Еркін, шақырсаң болды, барамыз. Қорқа-қорқа батыр болдық. Аянатын ештеңе қалмады. Мен сенімен біргемін!» деген сияқты ашу-ызаға толы пікірлердің өзі біраз дүмпу болып тұр.