05.03.2020, 20:20

Назарбаев Мәжіліс депуттарына шалғай аудандарға баруы керектігін ескертті

«Партия басшылығы, Мәжіліс пен мәслихат депутаттары өңірлерге, соның ішінде шалғай аудандарға баруы керек. Халықпен кездесіңіздер, мәселелерін шешіңіздер», - деді елбасы.

Бүгін елбасының төрағалығымен «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесі Бюросының отырысы өтті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, Elbasy.kz сайтына сілтеме жасап.

Мәжіліс барысында 18 наурызда өтетін партияның Саяси кеңесі отырысының күн тәртібі талқыланды. Елбасы Бюро отырысын ашып, партияның қайта жаңғыру бағдарламасы мен «Бақытты отбасы», «Ардагерлерді ардақтайық», «Кедергісіз келешек» әлеуметтік жобаларын жүзеге асыру барысын мақұлдады. Сонымен бірге, ол ел өңірлеріндегі партия жұмысына назар аударды.

«Партия басшылығы, Мәжіліс пен мәслихат депутаттары өңірлерге, соның ішінде шалғай аудандарға баруы керек. Халықпен кездесіңіздер, мәселелерін шешіңіздер. Барлық осы мәселелер аймақтық партия бағдарламаларында көрініс табуы тиіс», - деді партия төрағасы.

Сонымен бірге, Бюро отырысында 30 наурыз бен 16 мамыр аралығында партияның ішкі іріктеуін өткізу туралы шешім қабылданды.

«Мұны өте дұрыс шара деп есептеймін. Бұл партияның атынан өзекті мәселелерді шешетін ең белсенді және сенімді мүшелерді анықтауға мүмкіндік береді», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Отырыс қорытындысы бойынша, ішкі іріктеуді жүргізу ережесінің жобасын алдын ала мақұлдау жөнінде Бюро қарары қабылданды. Саяси кеңестің отырысында жоба бекітіледі. Сонымен бірге, отырыста партияның сыбайлас жемқорлыққа қарсы 2025 жылға дейінгі бағдарламасын жүзеге асырудың Жол картасы бекітілді.