09.03.2020, 23:35

«Үлескерлердің мәселесін Президент өз бақылауында ұстап отыр» - елорда әкімі

«Біз өткен жылы 10 тұрғын үй табыстаған болсақ, ол дегеніміз – 2500-ге жуық үлескер қамтылды деген сөз. Биыл одан екі есе көп, яғни 20 үйді жоспарға сәйкес аяқтайтын боламыз», - дейді Алтай Көлгінов.

Биыл елордадағы 7 мың үлескердің мәселесі шешіледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы Президент қабылдауында болған қала әкімі Алтай Көлгінов мәлімдеді. Шаһар басшысының айтуынша, осы жылы 20 үйдің құрылысы аяқталып, тұрғындардың игіліне беріледі. Бұл – былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда, екі есе көп. Алтай Көлгіновтің айтуынша, өткен жылы даулы 10 үйдің құрылысы аяқталып, 2500 тұрғын баспаналы болған.

Айта кетсек, бүгін президент үлескерлерге қатысты мәселені ерекше бақылауда ұстауды, сондай-ақ, тұрғын үй алаптарын дамыту және абаттандыру, тиісті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету қажеттігін ескерткен болатын.

Қасым-Жомарт Тоқаев қала тұрғындарын алаңдатқан әлеуметтік проблемаларды шешу, қолжетімді баспана құрылысының көлемін ұлғайту, кезекте тұрған әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға берілетін пәтерлердің санын көбейту, инвестиция тарту, шағын және орта бизнеске қолдау көрсету жайында да нақты шаралар қабылдауды тапсырды.

«Үлескерлердің мәселесін Президент өз бақылауында ұстап отыр. Биылғы жоспарды және алдағы уақытта бекітілген жоспарды аяқтау жөнінде тапсырма берді. Оған тиісті қаражат бөлінеді.

Оқи отырыңыз: Көлгінов Тоқаевты «мұқатып» отыр ма, әлде, біреулерге арандап қалған ба?

Мысалы, біз өткен жылы 10 тұрғын үй табыстаған болсақ, ол дегеніміз – 2500-ге жуық үлескер қамтылды деген сөз. Биыл одан екі есе көп, яғни 20 үйді жоспарға сәйкес аяқтайтын боламыз. Қалғандарын да келесі жылы үлескерлерге өзіміз көрсеткендей, жоспарға сәйкес аяқтаймыз», - деді Алтай Көлгінов.