Бүгін Мәжіліс депутаты Гүлжан Қарағұсова тұрмысы төмен халықтың несиесін мемлекет есебінен өтеуге қарсы шықты. Оның айтуынша, бұл – салық төлеушілер мен бюджет үшін артық салмақ, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, Dalanews.kz-ке сілтеме жасап.
«Өмірімде екі рет кредитке кірдім, бұған әлі өкінемін. Біреуінде ипотека алдым, енді бірінде қолма-қол ақша қажет болды. Соған қарамай, несиемді мерзімінен бұрын өтедім. Бекерге жінігіппін. Кредитімді несіне жаптым? Маған оны бәрібір кешіре салар еді», – деді депутат, Мәжілістегі салық заңнамасы талқыланған отырыста.
Оның пікірінше, Үкімет тұрмысы төмен азаматтардың қарызын өтеу арқылы халықты масылдыққа ұрындырып отыр екен.
«Елбасымыз «халықты салық төлеуге үйрету керек, салықтан өзге Үкіметте басы артық ақша жоқ» деп әр кезде еске салып отыратын еді. Бүгінгі бюджет басы бүтін сіз бен біздің салығымыздан құралған. Мемлекеттің ақшасы», - деді депутат.
Осы орайда, Гүлжан Қарағұсова АҚШ-ты алға тартып, бұл елде 2007 жылдан бері ешкімнің қарызы мен кредиті кешірілмегенін еске салды.
«Кредит алмай тұрып ойлан. Ақылға сал. Қайтарарыңа күмәнің болса, кейін қайт. Ешкім сені мәжбүрлемейді. Кредит алдың ба, қайтар! Іс жүзінде олар сіз бен біздің, салық төлеушілердің есебінен күн көріп отыр. Мұндайға жол бермеу керек.
Біреулер маңдай тер, табан ақысымен адал еңбек етеді, салық төлейді екен, ал өзгелері оған ортақтасады. Қазақстан азаматы ретінде мұндай саясатқа түбегейлі қарсымын», - деді депутат.
Еске сала кетсек, өткен жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаев тұрмысы төмен азаматтардың берешегін өтеу туралы шешім қабылдаған болатын. Соның нәтижесінде, 554 мың адамға кепілсіз тұтынушылық несиелер бойынша жалпы 115 миллиард теңге кешірілді.