Ұлыбританияның қылмысқа қарсы күрес Ұлттық агенттігі ел астанасының ең қымбат ауданында орналасқан үш жылжымайтын мүліктің қандай ақшаға сатып алынғанын білгісі келген. Мәліметке қарағанда, сот өткенше сатуға шектеу қойылған үш нысанның бірі – Сенат спикері Дариға Назарбаеваның үлкен ұлы Нұрали Әлиевке тиесілі, деп хабарлайды ҚазТАГ, BBC агенттігіне сілтеме жасап.
«Лондонның ең қымбат көшелерінің бірінде орналасқан, арнайы күзет қызметімен бақыланатын зәулім сарай қандай ақшаға сатып алынғаны белгісіз болғандықтан бұғатталған.
Бұл сарайдан бөлек, оффшорлық аймақтарда орналасқан компанияларға тиесілі басқа мүліктер де құзырлы органдардың назарына іліккен. Яғни, бұл мүліктердің ешбірін иелері сот отырысы өткенше сата алмайды. Ал зәулім сарай иесі – Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немересі Нұрали Әлиев» делінген ақпаратта.
Сарайдың үлкендігі соншалық, жерасты бассейні мен кинотеатры да бар екен.
«Аталған мүліктердің және Әлиевтің отбасына тиесілі жылжымайтын мүліктің тағдыры сейсенбіде Жоғарғы Сотта басталатын үлкен сот отырысында шешіледі. Сот отырысы барысында жылжымайтын мүлікке иелік ететін компаниялардың заңгерлері Қылмысқа қарсы күресетін Ұлттық агенттіктің тергеуін тоқтатуға тырысады» деп жазады агенттік.
Қандай ақшаға келгені жұмбақ мүліктерді бұғаттау – Ұлыбританиядағы қылмыстық жолмен алынған және жылжымайтын мүлікке заңсыз салынған ақшамен күресудің соңғы амалдарының бірі.
«Ұлттық агенттіктің тергеушілері бұл шараны қожайындарынан қымбат жылжымайтын мүлікке қалай қол жеткізгені туралы ақпарат алу үшін пайдалана алады. Егер түсініктеме қанағаттандырмаса, олардың сотқа шағым түсіруіне құқы бар.
Лондондағы зәулім сарай қандай дәулетке сатып алынғаны белгісіз болғандықтан, мамыр айынан бері бұғатталған. Бұл сарай – жалпы құны 80 миллион фунт стерлингтен асатын үш жылжымайтын мүлік нысандарының бірі» делінген хабарламада.