Енді Қазақстандағы коронавирустық жағдай туралы барлық сұраққа Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев жауап береді. Бұл мәселе мемлекет басшысының тапсырмасынан кейін қарастырылған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұған дейін елдегі эпидемиологиялық жағдайды әртүрлі спикерлер, соның ішінде полицейлер мен Денсаулық сақтау министрлігінің қызметкерлері баяндайтын еді. Ал қазір осы сауалдардың барлығына тек қана Дәурен Абаев жауап беретін болды.
Сонымен, ертең, 23 наурыздан бастап Абаев Қазақстандағы эпидемиологиялық жағдай туралы күнделікті ақпарат таратып, сонымен қатар, азаматтардың сауалына жауап беруге бекініп отыр. Министр мәлімдемесін онлайн-брифинг барысында жасайтыны хабарланды.
Азаматтарды қызықтыратын сауал болса, pressa.mic@gmail.com электрондық поштасына хат жолдауға болады. Сондай-ақ, хатты 17:00-ге дейін жіберуге кеңес берілген. Ведомствоның мәлімдеуінше, осының арқасында хатты уақытылы өңдеп, дұрыс дерек беру үшін сауалды тиісті мемлекеттік құрылымдарға жіберуге мүмкіндік көбірек болады. Ал онлайн-брифингтің өткізілетін уақыты туралы бөлек хабарланады.