Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған «Birgemiz» қоғамдық қоры қамқоршылық кеңесінің алғашқы отырысы өтті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, премьер-министрдің ресми сайтына сілтеме жасап.
«Жаңадан құрылған қоғамдық қорға елдің ірі бизнес өкілдерінен 40 миллион доллардан астам қаржы түсті. Бұл қаражат қамқоршылық кеңесінің шешімімен халықтың әлеуметтік осал топтарына атаулы көмек көрсетуге бағытталмақ. Қазір көмек түрлері мен оны алушылар санаттарын анықтау бойынша жұмыс басталды», - делінген хабарламада.
Алғашқы отырыста кеңестің құрамы да жарияланды. Атап айтқанда, қамқоршылық кеңесінің төрағасы – «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек. Ал оның орынбасары – Тұңғыш Президент қорының атқарушы директоры Қанат Жұмабаев десек, кеңестің хатшысы – «Бас редакторлар клубының» президенті Бибігүл Жексенбай.
Кеңес мүшелері болса, Парламенттің қос Палатасы депутаттары мен еріктілер лигаларының жетекшілері, тағы басқалардан тұрады. Сондай-ақ, қордың жоғарғы органы – құрылтайшылардың жалпы жиналысына Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжанов төрағалық етеді.
Осы орайда, «Birgemiz» қоғамдық қорының басқарма басшысы Руслан Сакеев өздеріне «Nur Otan»-ның көмегі керек екенін айтты. Себебі, осы саяси ұйымның әрбір өңірде бөлімшесі бар. Қаражатты таратуға қажетті базасы мен еріктілері де көп.