07.04.2020, 22:25

Дауыл туралы дабыл: Ақмола облысында көптеген тұрғын жарақаттанып, бір адам қаза тапты

фото: express-k.kz
Есіл қаласында аурухана шатыры мен дуалы құлап, терезелер мен есіктер сынып, телефон мен электр желісі үзілді.

Ақмола облысында қатты дауыл салдарынан бір адам көз жұмды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, ІІМ ТЖК ақпаратына сүйене отырып.

Баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, бүгін Ақмола облысы Бурабай ауданының Ұрымқай ауылында 28 м/с-ке дейін қатты жел соғып, гараждың шатырын құлатқан. Соның салдарынан, 1980 жылы туған күзетші жарақат алып, оқиға орнында көз жұмған. Шатырдың ауданы мен құрылыс түрі анықталып жатыр.

Одан бөлек, өңірдегі боран салдарынан кішкентай бала мен келіншек және зейнеткер зардап шекті. Атап айтқанда, Сандықтау ауылында жеті жасар балаға ғимарат шатыры құлап кеткен. Ол жабық ми-бассүйек жарақатын алған, қазір жағдайы қанағаттанарлық.

Тағы бір зардап шеккен адам Көкшетау қаласында тіркелді: филармония маңындағы аялдама 79 жастағы зейнеткердің үстіне құлап кеткен. Қария кеуде қуысы, іш және арқа жарақатымен облыстық ауруханаға жеткізілді.

Аялдама 1976 жылы туған келіншектің де үстіне құлаған. Жәбірленуші жабық ми-бассүйек пен ығысқан сынық жарақатын алған.

Дауылдан жылжымалы және жылжымайтын мүліктерге де залал келді. Қоңырау бойынша жолға шыққан реанимобильге шатыр бөлігі құлап, көліктің терезін сындырды. Полиция шақыртылды.

Дәл осы күні Көкшетауда жедел жәрдем бекеті де зардап шекті. Көптеген ауданда аурухана ғимараттарына зақым келді. Есіл қаласында аурухана шатыры мен дуалы құлап, терезелер мен есіктер сынып, телефон мен электр желісі үзілді.

Ал Жақсы ауылында хирургиялық бөлімнің шатыры ұшып, терезесі сынып кетті. Қызметкерлер кезекшілік ауысымды тастап, үйіне жіберілді. Зеренді, Атбасар, Егіндікөл, Қызылжар ауылындағы ауруханалар жарықсыз қалды.

Ал Көкшетауда коронавирус жұқтырғандармен байланысқан адамдар жатқан провизорлық стационарда жарық пен су өшті.