Белгілі журналист Дәурен Әбдіраманов facebook желісі арқылы президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық хат жазды. Онда ол мемлекет басшысына елімізде қаптаған басшылық лауазымдарды қысқартып, мемлекеттік бюджет қаржысын үнемдеуді ұсынған. Дәл қазіргі қиын-қыстау шақта қолға алынуы тиіс ұсыныс десек те, шешуші жауап Ақорда тарапынан берілуі керек қой. Сондықтан біз билік пен бұқараны сол ашық хаттың толық нұсқасымен таныстыруды жөн көрдік.
«ҚР Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВҚА!
Коронавирус жалғыз Қазақстанды ғана емес, бүкіл дүниені теңселтіп тұр. Кез келген мемлекеттің бірінші байлығы – адам болса, екінші байлығы – экономикасы. Өкінішке қарай, бұл індет бірінші кезекте адамға келді. Бүкіл әлемнің экономикасы да айналдырған екі-үш айдың ішінде шайқалып кетті.
Осы ретте Қазақстанға, оны басқарып отырған Президентке, Үкіметке шын жүректен алғыс айтуымыз керек. Себебі, қазақ өкіметі індетпен күресуде қолдан келген амалдың бәрін жасап жатыр. Кемшіліктер бар шығар, алайда, дәл қазір билік пен бұқараның бір-бірін шынайы түсініп отырғаны байқалады. Ал бұл – жеңіске жетудің бірінші қадамы!
Әрине, алдымен адам аман болсын! Алайда, сол адамның көйлегінің көк, тамағының тоқ болуына қол жеткізу – ең бірінші кезекте экономиканы қалай ұйымдастыруға байланысты болса керек. Коронавирус – бізге экономиканы өте қысқа мерзімде қайта қарауды талап етіп отыр. Бюджетті дұрыс жоспарламай, Ұлттық қорға ғана иек артудың ақыры жақсылыққа апармайтыны баршаға белгілі. Бірінші кезекте бізге қатаң үнемшілдік керек.
Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, бұл орайда Сіздің ұтымды шешім қабылдай білетініңізге бек сенімдіміз. Біздікі – ел игілігі үшін кәдеге асып жатса, ой таразысына салып көрерсіздер деген ұсыныс қана. «Тыңдай білетін Үкімет» деген тамаша бастамаңыз осы ойымды өзіңізге жеткізуге итермелегенін де айта кетуім керек шығар.
Иә, біздің бюджетті үнемдемесе болмайды. Бізде жергілікті жерлерде де, орталықтарда да бір саланы бірнеше адам басқарады. Мәселен, бізде облыс, қала әкімдерінің әрқайсысында бес-бестен орынбасар бар. Оған әкім аппараты жетекшісін қосыңыз. Ал сол әкім орынбасарлары қандай шаруалармен айналысады? Әр орынбасар төрт-бес саланың жұмысына жетекшілік жасайды.
Ал ол салаларға жауап беретін басқарма, департамент басшылары тағы бар. Ол басқарма басшыларының да кемі екеуден орынбасарлары бар. Әкім орынбасарларының әрқайсысына бір-бір көмекші тіркелген. Оған есігінің алдында отырған хатшы қызын, көлігін айдайтын жүргізушісін қосыңыз.
Облыс, қала әкімі орынбасарларының жалақысы – орташа 500 мың теңгенің төңірегінде. Көмекшілердің жалақысы – 150 мың теңгеден кем болмайтыны тағы анық. Хатшы мен жүргізушінің жалақылары – 100 мың теңге... Енді осыларды беске көбейтіп жіберсеңіз, бір айдағы шығын – 4 млн 250 мың теңге болып шығады. Бұл – бір айлық шығын, бір жылда – 51 млн теңге!
Бұл – бір облыстағы ғана жағдай. Енді осыны 17 облысқа көбейтіп жіберсек, 867 млн теңге болып шығады екен.
Бұл сумма – тек жалақы шығыны. Енді оған жанар-жағармай шығынын, автокөліктің басқа да шығындарын, кеңсе шығынын, іссапар шығынын, түрлі жеңілдіктер мен бонустарды қоссақ, 3 миллиард теңгеге жәй барады. Бұл шығындарға облыс, қала әкімдері кеңесшілерінің шығынын қосып отырған жоқпыз.
Әр облыста он-он бестен аудан бар. Ол аудан әкімдерінің де төрт-төрттен орынбасары, аппарат жетекшісі бар. Ол орынбасарлардың әрқайсысының қызметтік көлігі, жүргізушісі, хатшысы бар. Ол орынбасарлар да жыл сайын пәлен рет іссапарға шығады. Ол аудандарда да тиісті саламен айналысып жатқан бөлімдер бар. Ол бөлімдерде де бір-бір басшы отыр!
Мәселен, тұрғын үй-шаруашылық басқармасы бар, ол басқарманың басшысы бар және оларды басқарып отыратын әкімнің орынбасары бар, оны басқарып отырған әкім бар деген сияқты. Бәрінің істеп отырғаны – бір жұмыс.
Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Бір мемлекетті басқарып отырған Президент Сіздің өзіңізде де орынбасар жоқ. Еліміздің тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлында да марқұм Ерік Асанбаевтан кейін орынбасар болған емес. Ал облыс, қала, аудан әкімдеріне бес бірдей орынбасардың не қажеті бар? Өздері демалысқа, іссапарға шыққанда, ауырып қалған жағдайда жұмысты жүргізетін бір орынбасар болса, жетпей ме?! Бәрібір ол жұмыстармен басқарма басшылары тікелей айналысады.
Біздің есебіміз бойынша облыс, қала, аудан әкімдеріне бір-бір орынбасардан ғана қалдырса, ұлттық компаниялардағы қаптаған орынбасарларды, атқарушы директорларды, кеңесшілерді, көмекшілерді, министрліктердегі пәлен вице-министрді, комитет төрағаларының орынбасарларын, басқарма, департамент басшыларының орынбасарларын бір-біреуден қалдырып, қалғандарын қысқартса, бір кішігірім облыстың аз дегенде жарты жылдық бюджетін үнемдеуге болатындай.
Иә, олардың да отбасы, бала-шағасы бар. Алайда, ол отбасын әкімнің орынбасары, бастық, бастықтың орынбасары, көмекшісі, кеңесшісі болмай-ақ, тамаша маман болып-ақ асырауға не кедергі?! Қызметтік көлікпен жүрмесе, қоғамдық көлікпен жүрер, кімді анасы үстелдің үстінде дүниеге әкеліпті дейсіз?! Өз ісінің маманы болып-ақ, біздіңше қоғам құрметіне бөленуге әбден болады.
Егер басшы көбейгеннен жұмыс керемет жүріп жатса, бұл туралы сөз қозғамай-ақ қоюға болар еді. Бірақ, өкінішке қарай, өмір шындығы басқа болып тұр ғой. Бір салада бірнеше басшы болғаннан кейін оның біреуі ғана жұмыс істейді де, қалғандарына ұсақ интригамен айналысудан басқа ешнәрсе қалмайды.
Дәл қазір әкімнің орынбасары штаты ел үшін жұмыс істеуге емес, сол креслода отырған адамның бір жерге әкім болып кетуіне жағдай туғызуға ғана жұмыс істеп жатқандай әсер қалдырады. Облыс, қала әкімдері орынбасарларының тарапынан елдікке қызмет қылатын мынадай идея шығыпты дегенді қазақстандықтардың басым көпшілігі естіген емес.
Өкінішке қарай, бүгінгі күннің бір шындығы осы! Сондықтан әлемде жүріп жатқан саяси айтыс-тартыстардан, экономикалық мылтықсыз майдандардан, коронавирустан тезірек есімізді жиямыз десек, бүкіл Қазақстан болып, күні-түні жұмыс істеуіміз керек деп ойлаймын. Ал жұмысты қашаннан қаптаған қарақұрым бастықтар емес, мамандар, жұмысшылар, шаруалар, диқандар, шопандар, басқалар атқармайтын ба еді?!
Осы бір жапырақ үшбу хатымызға уақыт бөліп, қарап жатсаңыз, алдын ала өзіңізге шексіз ризашылығымды білдіруге рұқсат етіңіз.
Өзіңізге деген зор құрметпен шымкенттік журналист Дәурен ӘБДІРАМАНОВ».