16.04.2020, 20:25

«Тарт қолыңды Сақ тарихынан, Сағынтаев мырза!!!»: сенаторлар мен қоғам белсенділері дабыл қақты

Сенаторлар Археология институтының қорытындысын алуды, қажет болған жағдайда «BI Group» компаниясының тарихи ескерткіштер орналасқан аумақта құрылыс салуын тоқтатуды, бұл үшін басқа жер телімін, не басқа да жолдарын іздеу керектігін айтып отыр.

Парламент Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшелері Үкімет басшысы Асқар Мамин және Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың атына хат жолдады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Хаттың мазмұны Қазақстан Үкіметінің 2020 жылғы 3 сәуірдегі Денсаулық сақтау министрлігінің ұсынысы бойынша Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында жылдам тұрғызылатын инфекциялық үш аурухана салу туралы шешіміне байланысты болып отыр. Нақты айтқанда, Алматы қаласында «BI Group» компаниясы кіріскен жаңа аурухана ғимаратының құрылысына қатысты.

Біріншіден, құрылысы тез салынатын бұл ауруханалардың жобалау-сметалық құжаттары мен келісім шарттары әлі жасалмаған. Екіншіден, аталған аурухана Алматыдағы тарихи мәні зор «Сақ қорғандары» аумағында салынатыны қоғамдық жұртшылықты да, Сенат депутаттарын да қатты алаңдататыны айтылған.

Оның үстіне, «Сақ қорғандары» – Алматы қаласы әкімдігінің 2010 жылғы 10 қарашадағы №4/840 қаулысы бойынша тарихи ескерткіштер тізіміне енгізілген.

Киелі жерде орын тепкен аурухана құрылысына байланысты тарих ғылымының кандидаты Нұрлан Атығаев өз ойын білдірді. «Ауруханаға жер телімін бөлудің алдында жер қатынастары басқармасы ол тұста археологиялық нысандардың бар-жоғын анықтап, тиісті ақпарат беруі керек болатын. Содан кейін барып ғимарат құрылысын Мәдениет басқармасымен келісіп барып бастау қажет еді», - деді ол.

Осыған орай, Сенат депутаттары Үкімет басшысы мен Алматы қаласының әкімінен Алматы қаласындағы жедел тұрғызылатын аурухана құрылысының заң талаптарына сәйкес жүргізілуі керектігін сұрайды.

Сонымен қатар, сенаторлар Археология институтының қорытындысын алуды, қажет болған жағдайда «BI Group» компаниясының тарихи ескерткіштер орналасқан аумақта құрылыс салуын тоқтатуды, бұл үшін басқа жер телімін, не басқа да жолдарын іздеу керектігін айтып отыр.

Осы орайда, әлеуметтік желілерде аурухананың ежелгі темір дәуірінің ғажайып мұрасы саналатын аумақта салынатыны туралы дабыл қаққан жазбалар жиі жарияланып жатыр. Соның бірі – белгілі журналист, қоғам белсендісі Сәуле Әбілдаханқызының facebook парақшасына жазған жанайқайы. Жазбасына «Тарт қолыңды САҚ тарихынан, Сағынтаев мырза!!!» деп тақырып қойған ол былай дейді:

«Аурухана салуға Алматыда «Сақ қорғандары» тарихи аспанасты мұражайының жерін таңдағандары – барып тұрған... жұмсартып айтқанда, тарихқа қастандық!!!

Еуропада мұражай түгіл, «мемлекет қарамағына алынған тарихи үй» тізіміне енген кәдімгі түрғын үйлерде үй иесі мемлекеттің рұқсатынсыз қабырғасына бір шеге қағуға құқы жоқ. Соны білесіздер ме, «данышпандар»?

15 күнде аурухана саламыз деп Қытаймен, Өзбекстанмен жарыспас бұрын, ауың мен бауыңды дұрыстап дайындап алмайсыңдар ма? Отауын сайламай жатып, бірдеңелеріңді сайлайсыңдар да жүресіңдер... Басқа сөзім жоқ сендерге...».