Таяуда айтыскер ақын Ринат Зайытов «Ит сөзі» атты өлең шығарған еді. Ал оған кеше аты-жөнін атамаған белгісіз біреу өлеңмен жауап қайтарып, өзін итке теңеді, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
Айта кетсек, Ринат Зайытов аталған өлеңін видеомен әрлеп, өзінің Youtube арнасына жариялаған болатын. Сол видеоға қарағанда, оның жаңа өлеңінің полиция қызметкерлеріне арналғанын байқауға болады. Оған қоса, айтыскер ақын:
«Кім ол, кім ол шықпақ болған шеруге? Дәті барған тақсырыма қарсы келуге. Қожайынға адал болу – менің ұлы міндетім, Жақындап көр, дайын болсаң өлуге!
Қане, қане қайсың?.. Жедел қанға бояйын! Талап, жұлып, көздеріңді жояйын. Қожайыным айтақтаса, «кемпір мен шал, екі қабат қатын» деп, Аямаймын, бірден айтып қояйын!» - деп, өлеңінде итке кімдерді теңегенін нақтылай түседі.
Ал оған жауап қайтарған «белгісіз ақынның» өлеңі RAMANOV_KZ Youtube арнасына «Ринат, сен де итсің ғой» Ринат Зайытовқа белгісіз ақын жауап берді» деген тақырыппен жарияланған. Ол жыр да:
«...Енді несін қарайлайсың шошынып? Артың – тұман, ал ертеңің – бос үміт. Елді алдаған иттің бірі сен едің, Өткен жолы Қосановқа қосылып.
Өмір – күрес. Кім жетіпті соңына?! Өзің иттік жасапсың-ау жолыңа. Айтпақшы, сен өткен жолы өзің айтып отырған сол иттердің түсіп едің қолына! Екі сағат өтпей жатып екі түрлі үріп ең, Кіріп-шығып «төбеттердің» торына. Батылдығың қайда қалды сол кезде, Әлде, бұл да ит болудың жолы ма? Тыным таппай абалайсың енді кеп, Сол кездегі иттігіңнің сорына», - деп келетін ауыр жолдардан тұрады.
Бұл видеоны көрген айтыскер ақын кез келген мәселе бойынша қарама-қарсы пікірдің болуы заңды екенін айта келіп, өзін де итке теңеген ақынды онлайн айтысқа, айтыса алмаса, онлайн пікірталасқа шығуға шақырды.