Мүлікті жария ету науқаны барысында қажетті мамандардың тапшылығы орын алмайды. Бұл туралы «Хабар» телеарнасында өткен тікелей эфирде ҚР Өңірлік даму министрі Болат Жәмішев мәлім етті, деп хабарлайды Skifnews.kz.
― Бізде тіркелген 451 сарапшымыз бар. Сондай-ақ, 10,5 мың жобалық институт жұмыс істейді. Олардың қызметкерлерінің барлығы аталған жұмыстармен айналыспақ. Сондықтан, маман тапшылығы орын алмайды деп сенемін. Бұған дейін айтып өткенімдей, сарапшылармен өзара байланыс комиссиялардың иығына жүктелген. Сарапшы қандай да бір ауданға баратын болса ол жолай мүлкін заңдастыруға өтінім берген бүкіл азаматтарға қызмет көрсететін болады, ― деді Б.Жәмішев.
Оның атап өтуінше, әкімшілік жанындағы комиссиялар тек тұрғын үй мен саяжайға қатысты мәселелермен ғана айналыспақ. Ал, өзге нысандарды заңдастырғысы келгендер сарапшылармен кеңесуі тиіс.