Саясат 02.05.2020 сағат 22:21

«Қайткен күнде де Дариға Назарбаеваның саяси биографиясы мұнымен аяқталған жоқ» - сарапшы пікірі

Ол Дариға Назарбаева "Nur Otan" партиясының басшылығына келуі немесе вице-премьер ретінде үкіметке оралуы ықтимал деп есептейді.
«Қайткен күнде де Дариға Назарбаеваның саяси биографиясы мұнымен аяқталған жоқ» - сарапшы пікірі
Бөлісу
Бөлісу
Бөлісу

Қазақстандық саясаттанушылар Дариға Назарбаеваның сенат депутаттығынан кетуіне қатысты пікір білдірді. 

"Қазақстан парламенті сенатының бұрынғы спикері Дариға Назарбаеваның төңірегіндегі жағдай ерекше сипатқа ие. Оны мәслихат сайлаған жоқ, ол сенат депутаттығына тағайындалған еді, бұл аяқталмаған билік транзиті жағдайында белгілі бір деңгейде оның осалдығы болды. 2016 жылы әкесі президенттігі кезінде тағайындаған Дариға Назарбаева заң бойынша 6 жыл сенатта отыра алады (2021 жылға дейін)", - деп жазды Facebook-тегі парақшасында "Альтернатива" зерттеу орталығының директоры Андрей Чеботарев.

"2019 жылдың тамызында жаңа президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың оны қайта тағайындауы Ақорда мен "Кітапхана" арасында келісілген іс болса керек, сөйтіп оның мерзімі 2025 жылға дейін ұзартылған еді", - деп қосты ол.

Оның пікірінше, карантин, қазіргі мемлекет басшысы позициясының күшеюі және элита ішіндегі қайшылық пен шиеленістің мейлінше жабық форматқа өтуі кезінде Дариға Назарбаеваның өкілеттігінің тоқтатылуын нақты түсіндіру қиынға соғады.

"Тіпті, оның сенат төрағасы ретінде белсенділігі соңғы уақытта артқанын байқадық. Мұның барлығын тек кенже ұлы Айсұлтан Назарбаевтың биылғы жылдың қаңтар-ақпан айларындағы мәлімдемелерімен ғана байланыстыруға болмайды", - дейді Чеботарев. 

"Назарбаеваның 2003 жылдан бастаған саяси карьерасы ("Асар" партиясын құрып, оған жетекшілік етті) оған алға жылжуға мүмкіндік берілетінін, бірақ тек белгілі бір деңгейге дейін ғана екенін көрсетеді. Бірақ белсенділік танытып, өз позициясын күшейте бастаса, оған тоқтау салынады. Вице-премьер қызметін атқарғанда осындай жағдай болған еді, қазір де солай секілді", - деп атап көрсетті саясаттанушы.

Бұдан бөлек, сарапшының пайымдауынша, Нұрсұлтан Назарбаевтың елдегі ахуалға ықпалының сақталғанын ескерсек, шешімді Қасым-Жомарт Тоқаев өзі қабылдады және бұл Ақорда мен "Кітапхана" арасындағы қарым-қатынастың үзілгенінің айғағы деген тұжырым күмән тудырады.

"Одан гөрі бұл шешім бірінші және екінші президент арасында келісілді деген ақылға қонымды тәрізді. Тіпті Дариға Назарбаеваның өзімен де келісілуі мүмкін. Бәрі оның сенат спикері қызметінен кетуінің шын себебі және әрі қарай саяси карьерасының дамуына байланысты", - дейді Чеботарев.

Ол Дариға Назарбаева "Nur Otan" партиясының басшылығына келуі немесе вице-премьер ретінде үкіметке оралуы ықтимал деп есептейді.

Чеботарев Дариға Назарбаеваның сенаттан кетуі элита ішіндегі тартыстың салдары болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.

"Қайткен күнде де Дариға Назарбаеваның саяси биографиясы мұнымен аяқталған жоқ", - деп түйіндеді ойын сарапшы.

Саясаттанушы Данияр Әшімбаев та бұл жағдайдың нақты себебін айту қиын дейді.

"Жарлықтан кейін ешқандай түсініктеме болмағандықтан, бірнеше болжам жасауға болады", - деді ол Sputnik Қазақстан тілшісіне.

Олардың бірі – мемлекет басшысы жарлыққа тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевпен келіспей қол қойды.

"Карантин мен төтенше жағдай кезінде де элита арасындағы тартыстың шиеленіскенін көріп отырмыз. Ақпараттық соғыс, жанжалдар тыйылған жоқ. Менің ойымша, Тоқаев консолидацияны күшейту туралы шешім қабылдады", - дейді Әшімбаев.

"Екінші болжам – бұл радикалды өзгерістер бойынша көп қадамның бір бөлігі болуы мүмкін", - деген пікір білдірді саясаттанушы.

Сарапшының айтуынша, Тоқаев өзін мықты және тиімді президент ретінде көрсетті.

"Қазір, менің ойымша, Назарбаев бақылауды азайтып, Тоқаевқа реформалар жүргізуге мүмкіндіктер беруі мүмкін", - деді Әшімбаев.

Дереккөз: Sputniknews.kz

 

Оқи отырыңыз

загрузка...

Соңғы жаңалықтар

Аптасына бір рет ең танымал мақалалардың дайджесін жібереміз

Қызықты материалдар