Желі белсендісі Аятжан Ахметжан facebook парақшасында Мақтарал өңіріне миллиондап жиналып жатқан қаржыға қайтадан жер үйлерді қаптатпай, жаңа қала салу керек деген пікір білдірді, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
«А. Усманов 5 миллион, Болат Өтемұратов 6 миллион доллар. Әлі біраз миллиардер ақша бөледі деп сенемін. Бұдан тыс, мемлекеттен, қорлардан, жекелерден, Өзбекстаннан Мақтаралға қаншама қаржы бөлініп, көмек келіп жатыр. Енді осы қаржылардың бәрі тиімді жұмсалып, орынды іске асса, Мақтаралдан жаңа қала салуға болады немесе тұтас ауданды Солтүсікке қалашық салып қоныстандыруға болады.
Тиімді жұмсалса, бір өңірдің дамуына өте үлкен көмек болар еді. Там үйлерді қайта бұрқыратып салмай, Оңтүстік шекарада жаңа сауда-саттық қаласын салатын-ақ мүмкіндік», - дейді ол.
Айтуынша, қазір Қытайдың Қорғасқа салған қаласы біздің бір облыс орталығынан да үлкен екен. «Бұндай қала – экспортты, өнеркәсіпті дамытудың болашағы» деген жазба авторы, өзбекпен шекаралас аймақтың дәл сондай бизнестік қалаға сұранып-ақ тұрғанын алға тартты.
«Арғы жағы өзбек нарығы, Тәшкент тиіп тұр, бергі жағында мегаполис Шымкент, туризм орталығы болуыға лайық Түркістан тиіп тұр. Еңбек күш нарығы бар, халқының еті тірі. Тиімді пайдаланса, нағыз бизнестік мегаполис болуға ең лайықты өңір», - деп түйіндеді сөзін Аятжан Ахметжан.
Алайда, оған қарсы пікір айтқандар да бар. Мысалы, сол оңтүстіктің тумасы Өмір Шыныбекұлы: «Мырзашөлде қала салмақ түгілі, бұзау арқандайтын артық жер жоқ қой», - деп отыр. Әли Битөре есімді азамат та оны: «Дұрыс айтасыз, Өмір аға. Малдарды артынан қарап, әрең жаямыз. Жан-жақтың бәрі егістік», деп қолдап қойды. Ал Мерей Бейсенбеков атты желі қолданушы: «Олай тиімді жұмсаса, жеуге не қалады?» - деп кекесін танытты... Жалпы алғанда, жазба авторын қолдап-ұолпаштап жатқандар басым.