КТК телеарнасының бұрынғы басшысы, қоғам белсендісі Арман Шораев елімізде өткелі жатқан Мәжіліс және мәслихат сайлауларын мүлдем өткізбей, тоқтатып тастауды ұсынды. Оның пікірінше, "Нұр Отан" партиясының осынау саяси науқанда жеңіп шығатыны айдан анық. Сондықтан, "нұротандық" үміткерлерді сайламай-ақ, тағайындай салу әлдеқайда тиімді дейді ол.
Айта кетейік, Орталық сайлау комиссиясы мәслихаттағы депутаттық орындарға кандидатурасын ұсынған бірқатар үміткерлерді кеше науқаннан шығарып тастаған болатын. Басты себеп - салықтық декларациядағы мәліметтердің дұрыс көрсетілмеуі дейді ОСК мамандары. Ал, Шораев болса мұның түкке тұрғысыз себеп екенін айтып отыр.
"Мен сайлауды өткізудің мүлдем қажеті жоқ екенін айтқым келеді. Оның орнына "Нұр Отанның" үміткерлерін тағайындау керек. Әрі миллиардтаған қаржыны үнемдейміз. Шаш ал десе бас алатын сайлау комиссиялары сайлауды кезекті комедияға айналдырғаны өкінішті. "Қойлардың" тобында 2-3 ешкінің болуы, олардың басқаша мәңіреуі мемлекетке қандай қауіп туғызады?" деп жазды Арман Шораев өзінің Фэйсбуктегі парақшасында.
Айта кетейік, кандидаттар тізімінен шығарылғандардың бірі - Аида Жексенова. ОСК оны салықтық декларациясын дұрыс толтырмаған деп айыптап, сайлаудан аластатыпты. Ал, бұған дейін аталған кандидат Астананың сайлау комиссиясын қатаң сынға алған болатын. Оның айтуынша, комиссия өкілдері сайлауды өткізу нормаларын қатаң бұзған.
А.Жексенованы салықшылар зейнетақы қорына түсіп келген қаражатын дұрыс көрсетпеген дейді. Ал, үміткердің өзі болса ХҚКО-дан соңғы екі жылдың анықтамасын алып, декларацияны дұрыс толтырғанын айтып отыр. Салық мамандарының айтып отырған артық 150 мың теңгесінің қайдан шыққанын білмеймін дейді ол. Енді жақын күндері А.Жексенова Президенттің атына хат жазып, әділдіктің орнауын талап етпек.